Бейбіт шерудің жаппай тәртіпсіздікке ұласуына арандатушы топтар кінәлі – саясаттанушы 

5 Қаңтар 2022, 13:16
1877
Бөлісу:
Бейбіт шерудің жаппай тәртіпсіздікке ұласуына арандатушы топтар кінәлі – саясаттанушы 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елдегі қазіргі жағдайға байланысты саясаткер Қазбек Майгелдинов пікір білдірді.

Батыс өңірлерінен бастау алған бейбіт шерулер еліміздің өзге аймақтарына да ұласты. Бұл шерулердің себебі газ бағасының қымбаттауы болды. Осыған байланысты Жаңаөзен, Ақтау, Атырау қалаларында халықтың бейбіт шеруі басталған болатын. Олар бағаның төмендетуін талап етті. Нәтижесінде Президеттің арнайы тапсырмасымен комиссия құрылды. Олар Ақтауға барып, бейбіт шеру өкілдерімен кездесті. Соңында халық талабы бойынша газ бағасын 50 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады, - деді ол. 

Майгелдинов айтқандай, осылайша, бірқатар облыста газ бағасы 50 теңгеге дейін төмендетілді. 

Дегенмен аталған шерулер басқа қалаларда да қолдауға ие болып, одан әрі жалғасын тапты. Ол жердегі басты талап әлеуметтік жағдайдың ушығуына байланысты болды. Шын мәнінде, бейбіт шерулер Президент жүргізген саяси реформалардың аясында жаңа заңның талабында бар. Дегенмен соңғы оқиғалар көрсетіп отырғандай, кей қалада бейбіт шеру жаппай тәртіпсіздікке ұласып кетіп отыр. Бұл мемлекет тұрақтылығы мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді. Президент тапсырмасымен Маңғыстау мен Алматыда төтенше жағдай жарияланды, - деді ол. 

Саясаттанушының айтуынша, төтенше жағдай енгізу қажетті шара. Себебі жағдай одан әрі ушығатын болса, оған төтеп беру қиындайды. 

Бейбіт шерудің жаппай тәртіпсіздікке ұласуына әртүрлі арандатушы топтардың пайда болуы әсер етті. Олар бұқараға түрлі тері ұрандар тастап, азаматтық мекемелер мен полиция көліктеріне нұқсан келтіруге итермеледі. Оның барлығы заң жүзінде тәртіпсіздік болып есептеледі, - деді ол. 

Қазбек Майгелдинов Президент елдегі ахуалды тұрақтандыруға байланысты өткізген әлеуметтік-экономикалық кеңесте бірқатар маңызды шешім қабылдағанын айтты. 

Ол - Үкіметтің отставкаға кетуі. Себебі Үкімет пен Энергетика министрлігі ахуалды, бағаны тұрақтандыру мәселесіне дұрыс көңіл бөлмеуінің нәтижесінде жағдай осындай болды. Премьер-Министр Асқар Мамин отставкаға кету бойынша өтініш жасады. Қазір Әлихан Смайылов міндетін атқаруға кірісті. Президент халық талабына орай елдегі жағдайды тұрақтандыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Оның ең бастыларын атап өтсек, тек газ емес жалпы мұнай өнімдерінің бағасына жарты жылға мемлекеттік реттеу енгізді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге мемлекеттік реттеу тапсырмасы берілді. Жарты жылға коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу туралы шешім қабылданды, - деді ол. 

Саясаттанушы бұл халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанын айтады. 

Жаппай тәртіпсіздіктердің одан әрі өршімеуінің алдын алуға бағытталған. Ең алдымен мемлекетіміздің тұрақтылығын сақтап қалуға бағытталып отыр. Алдағы уақытта министрлердің ауысуы сынды бастамалар болады. Жаңа Үкіметтің мақсаты - өткен олқылықтардың тәжірибесі арқылы қателіктерді түзету және Президент тапсырмасына орай, елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты жұмыс істеу. Қазіргі елдегі мақсат тұрақтылықты сақтап, жаппай тәртсіпсіздіктің өршуін тоқтату. Билік халық тарапынан түскен ұсыныстарды қабылдап, шешім қабылдап жатыр, - деді саясаттанушы.

Өзгелердің жаңалығы