Бейқам жатқан елдер дағдарысқа ұшырауда – депутат

30 Шілде 2020, 07:26
2411
Бөлісу:
Бейқам жатқан елдер дағдарысқа ұшырауда – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жер бетіндегі адам баласының он ұйықтаса түсіне кірмейтін қатер 2020 жылдың басынан дүниені дүр сілкіндіруде.

Коронвирус деген дерт бір жарым миллиард халқы бар, экономикасы социалистік жоспарлаумен нарық жүйесін қатар жүргізіп, алпауыт елдің алдына шыққан Қытай халық республикасының өзін зор әбігерге салды.

Бұлай деп Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.
Ухан қаласынан тараған бұл қатерлі вирус бірер айдың ішінде бүкіл әлемге тарады. Бейқам жатқан елдер үлкен дағдарысқа ұшырауда. Себебі, бұл дерттің алдын алып, тосқауыл жасайтын бірден-бір жолы – ол толық карантин болып танылуда. Бұл вирус қайдан, қалай пайда болды, әлі зерттеле жатар және шындық жақында анықталмайтыны айдан анық. Ал бүгінгі таңның ең анық ақиқаты – ол осы әлемді жайлаған дерттің әлемдік экономикаға және әр елдің экономикасына жеке келген зор дағдарыс. Бүгінде, түрлі халықаралық қаржы институттары және белгілі осы саланың эксперттері жершарында бұған дейін бұндай дағдарыстың болмағанын айтып, оның залалының орасан зор екенін айтып зарлауда. Менің ойымша бұл шындық, – дейді депутат.

Пандемияны тоқтатамыз деп, әр мемлекет барын салып, шекарасын, есік терезесін жабуда. Одан қалды көп мемлекетте төтенше жағдай жарияланып, одан карантин енгізіліп, орта кіші бизнес толығымен жабылып, жұмысшылары үй оқшаулауына кетті.
Тура осы жағдай біздің елде де орын алып отырғанын бәріңіз білесіз. Өйтпесе тағы болмайды, екі жарым айдың ішінде елімізде короновирус ауруына шалдыққандар саны бес мыңға кетті. Өкінішке орай отандастарымыздың осы індеттен көз жұмғандары да бар. Вирус барлық өңірлерімізгеде тарап кетті, кейбір облыста, ауылды жерге де жетіп отыр. Елбасы Назарбаев, өзінің 8 сәуірдегі мақаласында "Тұтқиылдан келген жаман індет – короновирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде" деп біздің ел де сол қауіпке душар болғанын атап өтті. Міне, сондықтанда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев, еліміздегі төтенше жағдайды үшінші жарлығымен мамырдың 11 дейін созуға мәжбүр болды. Бұл мәжбүрлі шараның астарында, әрине, алғы шепте тұрған адам өмірі. Қазір көріп отырғандай, бейқамдықпен отырған алпауыт ел АҚШ-та пандемиядан 72 мыңнан астам адам қайтыс болғанын көріп отырмыз. Бұдан асқан қандай дәлел керек дерттің қатерлі екеніне. Олай болса, әр азаматымыз, өзін, жанындағы жақындарын ойлап, өкілетті органдар айтып бекіткен барлық ереже тәртіпке бағынғаны жөн. Ал талап тіпті қиын емес, отбасыңмен ошақ қасында болу, – дейді Өксікбаев.

Оның айтуынша, отбасында тыныш жату оңай, егер не ішемін, не жеймін деген уайым болмаса.
Мемлекет, Nur Otan партиясы, қоғамдық ұйымдар, дербес кәсіпкерлер тапшылық көріп тарыққандарға қол ұшін беріп, ақшалай, азық түліктей көмектерін көрсетіп жатыр. Бұл біздің халқымызға ежелден тән дүние деп айтқан болар едім. Өткен ғасырдан есімізде, қазақ халқының аз азығымен, сырттан келген басқа ұлттың азматтарымен бөліскені. Жалпы бұл жерде мемлекет басшысының бірде-бір азамат назардан тыс қалмауы және тапшылық көрмеуі керек деп Үкіметімізге тапсырғанын айта кетуіміз керек. Бұл тапсырма іс жүзінде көлемді шешімін табарына сенім артамыз. Дәл осы қысылтаяң уақытта Үкіметіміз, соның әр мүшесі, атқарушы биліктің менеджерлері жанкештілікпен жұмыс істеп өздерінің елдігін танытып, ел алғысына бөлене алатын сәті келді. Солай боларына сенгім келеді, – деп жазды депутат Омархан Өксікбаев.

Өзгелердің жаңалығы