Астанада бес көлікті соғып, қашып кеткен ер адам 30 тәулікке қамауға алынды.
Белгілі болғандай, 4 шілдеде сағат 02:50 шамасында Астана қаласында Тілендиев көшесі, №36 үйдің қарсысында жүргізуші куәлігі жоқ ер адам «ГАЗель» маркалы автокөлігімен жол жиегінде тұрған бес автокөлікті соққан.
Жол-көлік оқиғасынан кейін ер адам оқиға орнынан бой тасалап кеткен. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері құқық бұзушыны қысқа мерзім ішінде анықтап, ұстады. Сот шешімімен құқық бұзушыға қатысты 30 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды, - деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Полиция департаменті көлік құралын басқару құқығы жоқ адамдардың көлік басқаруы, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу заңнаманың өрескел бұзушылығы болып табылатынын және заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.
Еске салайық, бұған дейін Данияр Елеусіновтің Астанадағы үш жол-көлік оқиғасынан кейін қамауға алынғаны хабарланды.