Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мас күйінде бірден үш жол-көлік оқиғасына себепкер болған Данияр Елеусіновті 20 тәулікке қамауға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соттың мәліметінше, іс материалдарында азамат Е. деп көрсетілген ер адам жеңіл дәрежелі алкогольдік мас күйінде елорда көшелерімен көлік айдап бара жатып, бірнеше апатқа себепкер болған.
Алдымен көлік жерасты паркингі қақпасының тіреуіне соғылған, содан кейін басқа машинамен соқтығысып, инерция салдарынан тағы бір көлікті жанап өткен. Кейінірек жүргізуші Kia Sportage автокөлігімен тағы бір ЖКО тудырған, ал соққы алған бұл көлік өз кезегінде Toyota Hilux-қа соғылған.
Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде Е.-нің жеңіл дәрежелі алкогольдік мас күйінде болғанын анықтаған медициналық куәландыру қорытындысымен, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының схемаларымен, видеожазбалармен, қатысушылардың түсініктемелерімен және сот зерттеген өзге де дәлелдемелермен расталды, – делінген сот хабарламасында.
Апаттар салдарынан зардап шеккендер жоқ, алайда көлік құралдарына материалдық шығын келтірілген.
Сотта жүргізуші өз кінәсін толық мойындады. Көлікті мас күйінде басқарып, ЖКО-ға себепші болғаны үшін оған 20 тәулік әкімшілік қамауға алу және жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру жазасы тағайындалды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Жүргізушінің тұлғасы туралы не белгілі?
Бұған дейін Астана қалалық Полиция департаменті бірнеше ЖКО-дан кейін Toyota Land Cruiser автокөлігінің 35 жастағы жүргізушісінің ұсталғанын растап, оның мас болу белгілері бар екенін хабарлаған болатынбыз. Десе де, полиция рөлде нақты Данияр Елеусіновтің болғанын ресми түрде растаудан бас тартқан еді.
Ведомство заң бұзғаны үшін жауапкершілік адамның танымалдылығына, оның кәсібіне немесе сіңірген еңбегіне байланысты емес екенін баса айтты.
Кейінірек әлеуметтік желілерде спортшының ЖКО салдарынан зақымданған көлігінің суреттері пайда болды.