Бұл пікірді «Ұлытау облысының рухани дамуы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл ұрысқа тарихи тұрғыдан алғанда әлі күнге дейін тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей келеді.
Бұланты шайқасында еліміздің азаттығы үшін жоңғармен соғысып, жаудың бетін қайтардық. Сол кездері қазақтың болашағы үшін алаңдаған халқымыз атақты Қарақұм құрылтайын өткізген. «Ел болып бірігуіміз керек. Мынау жоңғарға бодан болмаймыз, біз халық болып бірігіп, соған тойтарыс берейік» деген шешім қабылданып, қолбасшымыз деп Сұлтан Әбілхайырды сайлайды. Осылайша, Бұлантыдағы алғашқы күресте жаудың бетін қайтарады. Жоңғар кері шегінеді. Бұлантыда басталған жеңісті шайқас жалғасын тауып, кейін Аңырақай шайқасында да жоңғарлар Қазақ жерін босатады, - деді Берік Әбдіғалиұлы.
Өңір әкімінің айтуынша, Бұланты шайқасы әлі күнге дейін өз тарихи бағасын алған жоқ.
Біз Бұланты шайқасын бірде-бір рет мемлекеттік деңгейде атап өткен жоқпыз. Алысқа бармайық. Көрші Ресей елін алып қарайықшы. «Куликово даласы» деп аталатын музей-қорық ашты. Қаншама ғалымдар арнайы зерттеу жүргізіп жатыр. «Куликово шайқасына 600 жыл» деп мемлекеттік деңгейде үлкен іс-шара өткізді. Бородино шайқасын айтпай-ақ қояйын. Оны өздеріңіз де білесіздер. Міне, осы шайқастағы жеңістері арқылы олар рухтанып, елдің еңсесін көтеріп, халықты тәрбиелейді. Ал біздің елімізде осы тақырыппен айналысып жүргендер болмаса, Бұланты шайқасы туралы көбі біле бермейді. Жеңісті шайқаста қазақ бір тудың астында бірігіп, еліміздің азаттығы мен кең байтақ жерімізді жаудан босату үшін жоңғарға тойтарыс берген еді, - деп атап өтті облыс әкімі.
Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, орыс ұлты үшін Куликова, Бородино түбіндегі соғыстардағы жеңісі қандай ұлық болса, қазақ тағдыры үшін, ұлт болып болашақта сақталып қалуы үшін Бұланты-Білеуті шайқасының жеңісі соншалықты ұлық. Осы жұмысты қолға алу – ұрпағымызды жеңімпаздар рухында тәрбиелеуде маңызы зор іс болмақ.