- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Бензин қымбаттай ма? Қазақстанда мұнай өңдеу зауыттары кеңейтілсе, не өзгереді?
Бензин қымбаттай ма? Қазақстанда мұнай өңдеу зауыттары кеңейтілсе, не өзгереді?
Қазақстан мұнай өңдеу қуатын жылына 39 млн тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр
16 Қараша 2026, 12:41
Қазақстан мұнай өңдеу қуатын жылына 39 млн тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Ол үшін қазір жұмыс істеп тұрған үш мұнай өңдеу зауыты кеңейтіліп, төртінші зауыт салынады. Жаңа өндірістік қуаттарды 2033 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған. Бұл бензин, дизель отыны мен авиаотын өндірісін ұлғайтып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді деп күтіледі. Алайда сарапшылар зауыттарды мұнаймен қамтамасыз ету және құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау қиындық тудыруы мүмкін екенін ескертеді. Бұл жоспарлар қаншалықты жүзеге асады және еліміздің ішкі жанармай нарығында не өзгереді? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Қазақстан қанша жанармай өндіреді?
Қазақстанда жанармай өндірісінің көлемі артып келеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елімізде 18,4 млн тонна мұнай өңделген.
Ал 2026 жылдың тоғыз айында 11,9 млн тонна мұнай өнімі өндірілді. Оның ішінде 4,6 млн тонна бензин, 4,8 млн тонна дизель отыны және 700 мың тонна авиаотын бар.
Алайда алдағы жылдары еліміз жанармай тапшылығына тап болуы мүмкін. Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасында келтірілген болжамдарға сәйкес, 2030 жылға қарай бензин, дизель отыны мен авиаотын жетіспеушілігі туындауы ықтимал.
Жаңа мұнай өңдеу зауыттары қашан іске қосылады?
2026 жылдың қазан айында Энергетика министрлігі еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын кеңейту жоспарын жариялады.
Жоспарға сәйкес, Атырау мұнай өңдеу зауытының жылдық қуатын 2028 жылға қарай 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға дейін 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға, ал Павлодар мұнай өңдеу зауытының қуатын 2031 жылға қарай 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыру көзделген.
Бұдан бөлек, Қазақстанда жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өңдейтін төртінші зауыт салу жоспарланып отыр. Оны 2033 жылға дейін іске қосу көзделген.
Қазір жаңа кәсіпорынды орналастыру үшін төрт өңір қарастырылып жатыр. Олар – Ұлытау, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстары. Жаңа зауыттың қай жерде салынатынын 2026 жылдың соңына дейін анықтау жоспарланған.
Алайда мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов барлық жобаны белгіленген мерзімде аяқтау мүмкіндігіне күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, қиындықтар жобалау және қажетті жабдықтарды сатып алу кезеңінде-ақ туындауы мүмкін.
«Белгіленген мерзімдерге, әсіресе төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты күмәнім басым. Тіпті жұмыс істеп тұрған зауыттарды 2030–2031 жылдарға дейін кеңейтудің өзі шынайы орындала қоятын міндет емес. Жобалау, жабдықтарды жеткізу, қаржыландыру және жаңа қондырғыларды жұмыс істеп тұрған өндіріс жүйесіне біріктіру кезінде кідірістер болуы мүмкін», – деп түсіндірді Асқар Исмаилов.
Сарапшы төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы қомақты инвестиция мен инфрақұрылымды дамытуды қажет ететінін атап өтті. Жаңа кәсіпорынды мұнаймен, электр энергиясымен, сумен және көлік қатынасымен қамтамасыз ету керек. Ал әзірге жобаның инвесторы да, түпкілікті техникалық параметрлері де анықталмаған.
Сондықтан Исмаилов жаңа зауыт құрылысын жеке инвесторларға ұсынған жөн деп есептейді. Алайда оларды тарту үшін мемлекет мұнайдың ұзақ мерзімді жеткізілуіне кепілдік беріп, тұрақты жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауы қажет.
Қазақстан жанармай импортынан бас тарта ала ма?
Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың басты міндеттерінің бірі – ішкі нарықты дизель отыны және авиаотынмен толық қамтамасыз ету.
Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2024 жылы елімізде 5,4 млн тонна дизель отыны өндірілген. Ал тұтыну көлемі 5,6 млн тоннаға жеткен. Сол жылы 750 мың тонна авиаотын шығарылғанымен, ішкі сұраныс 900 мың тоннаны құраған.
Энергетика министрлігі 2030 жылға қарай дизель отыны тапшылығын жоюды, ал 2031 жылға дейін авиаотын өндірісін жылына 1,5 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық Jet A-1 стандартына сай авиаотын өндірісін жолға қоюды көздейді. Салалық тұжырымдамада әзірге осы отын түрін импорттау да қарастырылған.
Асқар Исмаилов жекелеген мұнай өнімдері бойынша импортқа тәуелділіктің қалыптасуын еліміздің мұнай-газ саласының даму ерекшеліктерімен байланыстырады. Оның айтуынша, Қазақстанда мұнай өндіру саласы тарихи тұрғыдан негізінен экспортқа бағытталған. Ал мұнай өңдеу кәсіпорындары бағасы мемлекет тарапынан реттелетін ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп келді. Соның салдарынан мұнай өндіруге салынған инвестиция өңдеу саласына бағытталған қаржыдан әлдеқайда көп болды.
«Өндірістің технологиялық құрылымын да ескеру маңызды. Мәселен, мұнай өңдеудің жалпы көлемін ұлғайту дизель отыны немесе авиаотын өндірісі де дәл сондай қарқынмен өседі деген сөз емес. Ол үшін арнайы технологиялық қондырғылар мен зауыттардың соған сәйкес өндірістік құрылымы қажет», – деді Асқар Исмаилов.
Сарапшының пікірінше, кәсіпорындарды жаңғырту жанармай тапшылығын азайтуға мүмкіндік бергенімен, мәселені түбегейлі шеше алмайды.
«Қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту тапшылықты азайтады, бірақ мәселені толық шешпейді. Әсіресе автокөлік санының көбеюін, әуе тасымалының кеңеюін және өнеркәсіптегі тұтынудың артуын ескеру қажет. Сондай-ақ дизель отынын тұтынудың маусымдық ерекшелігін және зауыттардың жоспарлы жөндеуге тоқтайтынын ұмытпау керек. Өндіріс пен тұтыну көлемі қағаз жүзінде тең болған күннің өзінде белгілі бір кезеңдерде тапшылық туындауы мүмкін. Сондықтан жанармайдың стратегиялық қорын ұлғайту қажет. Уақытша шешім ретінде мен бұған дейін қазақстандық мұнайды Қытайдың мұнай өңдеу зауыттарында өңдеп, дайын мұнай өнімдерін еліміздің ішкі нарығына қайта жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған едім», – деді сарапшы.
Жаңа зауыттарға мұнай жете ме?
Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 80 пайызы экспортқа жіберіледі. Сондықтан жаңа мұнай өңдеу зауыттарын іске қосу үшін қосымша шикізат көлемі қажет болады.
Осы мақсатта Кеңқияқ – Атырау мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млн тоннаға, ал Кеңқияқ – Құмкөл құбырының қуатын 20 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
2026 жылдың қазан айында «ҚазМұнайГаз» компаниясы Қытайдың CNPC корпорациясымен бірлесіп, осы мұнай құбырларын кеңейту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар Қашаған мен Теңіз кен орындарынан қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілетін шикізат көлемін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың пікірінше, басты мәселе жаңа зауыттарды салуда емес, оларды жеткілікті көлемде мұнаймен қамтамасыз етуде жатыр.
«Мұнда екі ұғымды ажырата білу қажет: өндірістік қуаттың болуы және сол қуатты пайдалануға жеткілікті мұнайдың болуы. Бүгінде Қазақстан жылына шамамен 18,4 млн тонна мұнай өңдейді. Енді бұл көрсеткішті екі есеге жуық арттыру жоспарланып отыр. Бірақ заңды сұрақ туындайды: қосымша 20 млн тонна мұнай қайдан алынады? Қазақстанда өндірілетін мұнайдың негізгі бөлігі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі халықаралық жобалардың үлесіне тиесілі», – деді сарапшы.
Исмаиловтың айтуынша, экспортқа шығарылатын мұнай көлемінің бір бөлігі халықаралық келісімдермен байланысты. Оның үстіне бұрыннан игеріліп келе жатқан кен орындарында өндіріс көлемі біртіндеп азайып жатыр.
Сарапшы 2030 жылға қарай Қазақстан ішкі нарықта өңдеуге қажетті мұнайды экономикалық тұрғыдан тиімді шарттармен жеткізу мәселесіне тап болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Бензин мен дизель отынының бағасы қалай өзгереді?
Энергетика министрлігінің бағалауынша, 2040 жылға дейін мұнай өңдеу саласын дамытуға 15–19 млрд долларқажет болады. Бұл қаражат зауыттарды кеңейтуге, жабдықтарды жаңғыртуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталмақ. Алайда өндіріс көлемінің артуы жанармай арзандайды дегенді білдірмейді.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов түсіндіргендей, жаңа зауыттардың құрылысы мен қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуға жұмсалатын шығын бензин мен дизель отынының құнына әсер етеді. Сондай-ақ баға мұнайдың өзіндік құнына, салықтарға, тасымалдау шығындарына және инфляцияға байланысты қалыптасады.
«Менің болжамым бойынша, Қазақстанда жанармай бағасы өсе береді. Алайда мемлекет дұрыс саясат жүргізсе, бағаның болжамды әрі біртіндеп өсуін қамтамасыз етіп, тапшылық салдарынан туындайтын күрт дағдарыстардың алдын алуға болады. Ол үшін елдегі 45–60 күндік тұтыну көлеміне жететін мұнай өнімдерінің стратегиялық қорын қалыптастыру, баға белгілеудің ашық жүйесін енгізу және салықтарды, тарифтер мен жанармай бағасын бір мезгілде күрт көтеру тәжірибесінен бас тарту қажет», – деді сарапшы.
Исмаиловтың айтуынша, жаңа өндірістік қуаттар жанармай тапшылығы мен бағаның күрт құбылу қаупін азайтады. Алайда бензин мен дизель отыны арзандайды деп күтуге негіз жоқ.
Қазақстан өзін жанармаймен қашан толық қамтамасыз ете алады?
Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту есебінен 2030–2031 жылдары жанармай өндірісі ұлғаяды. Ал төртінші зауытты 2033 жылға дейін іске қосу көзделген. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге және келешекте артық мұнай өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді деп күтіледі. Алайда мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов 2033 жылға дейін Қазақстанда дизель отыны, авиаотын және бензиннің жекелеген түрлері бойынша тапшылық сақталуы мүмкін екенін айтады. Жаңа өндірістік қуаттар іске қосылғаннан кейін жағдай жақсаруы тиіс. Бірақ бұл зауыттардың жеткілікті көлемде мұнаймен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты.
Сарапшының пікірінше, басты басымдық ішкі нарықтың қажеттілігін өтеу болуы керек. Ал мұнай өнімдерін экспорттау қосымша мүмкіндік ретінде қарастырылғаны жөн.
«Менің ойымша, 2035–2040 жылдарға қарай Қазақстанның өзін негізгі жанармай түрлерімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Бірақ ол үшін мұнай-газ саласын басқарудың қазіргі моделін қайта қарау қажет. Біз мұнай өндіру болжамдарын, өңдеу қуаттарын дамытуды, инвестициялық саясатты және ішкі нарықтағы баға белгілеу жүйесін өзара үйлестіруіміз керек. Егер мұны жасамасақ, зауыттар салынып, инвестициялар игерілгенімен, оларды толық қуатында жұмыс істетуге экономикалық тұрғыдан қолжетімді мұнай жетпейтін жағдайға тап болуымыз мүмкін. Меніңше, 2040 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанның мұнай өңдеу саласына төнетін ең үлкен қауіп – осы», – деп түйіндеді Асқар Исмаилов.
Осылайша, мұнай өңдеу қуатын жылына 39 млн тоннаға дейін арттыру Қазақстанның өзін жанармаймен толық қамтамасыз етуіне жол ашуы мүмкін. Алайда бұл мақсатқа жету үшін зауыттарды уақытылы іске қосып қана қоймай, оларды жеткілікті көлемде мұнаймен үздіксіз қамтамасыз ету қажет.
Ең оқылған:
- Трамп, Путин және Си Цзиньпин алғаш рет үшжақты кездесу өткізеді
- Индонезия президенті орман өртінің түтіні үшін Сингапур мен Малайзиядан кешірім сұрады
- Димаш Құдайберген бала күнгі арманын орындады
- Қазақстанда автобусқа балалар арбасымен кіруге тыйым салына ма? Министрлік жауап берді
- Парсы шығанағы елдері Ираннан өтемақы талап етті
Олжас АДАЙ