Бензин бағасы шарықтай ма? Энергетика министрі елдегі жанармай қоры туралы айтты

Энергетика министрі бензин бағасына қатысты болжамды түсіндіріп, елдегі бензин мен дизель қоры 400 мың тоннадан асатынын мәлімдеді.

 ©BAQ.KZ коллажы 10 Қараша 2026, 15:41
10 Қараша 2026, 15:41
55
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2027 жылдың соңына қарай бензин бағасы айтарлықтай өсуі мүмкін деген болжамдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазір елде жанармай қоры жеткілікті, мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер министрден кейбір сарапшылардың келесі жылдың соңына қарай бензин бағасы едәуір қымбаттауы мүмкін деген пікіріне қатысты сұрады.

Сарапшылар мұндай болжамға бірнеше факторды негіз еткен. Олардың қатарында Қазақстандағы жанармай бағасын көрші елдердің нарығымен біртіндеп теңестіру, мұнай өңдеу мен тасымалдау шығындарының өсуі, өндірістік қуаттарды ұстап тұру және мұнай өндіру саласына инвестиция тарту қажеттілігі бар.

Ерлан Ақкенженов бағаның болашағына қатысты нақты болжам жасаудың қиын екенін айтты. Дегенмен қазіргі уақытта Қазақстандағы бензин мен дизель отынының бағасы белгілі бір аралықта қалыптасқанын жеткізді.

Министрдің мәліметінше, АИ-92 маркалы бензин литріне 253–271 теңгеден сатылып жатыр. Ал дизель отынының бағасы 356–367 теңге аралығында. Оның айтуынша, жанармай құю бекеттеріндегі баға айырмашылығы олардың шығындарына байланысты. Бұл нарықта экономикалық тетіктер мен бәсекелестік бар екенін көрсетеді.

Министр мемлекет жанармай тапшылығына және бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін қажетті шаралардың бәрін қабылдайтынын атап өтті.

Ең алдымен, елімізде жанармай қоры жеткілікті. Бензин мен дизель отынының әрқайсысы бойынша 400 мың тоннадан астам қор бар. Мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп, өнім шығаруды жалғастырып жатыр. Жанармай қалаларға да қалыпты тәртіппен жеткізіліп отыр. Сондықтан дүрбелең туғызып, соның салдарынан бағаның күрт өсуіне себеп болатын жағдай жоқ, – деді Ерлан Ақкенженов.

Тағы оқи отырыңыз:

Қазақстан Ресейге бензин сатудан бас тартты ма? – Энергетика министрі қауесетке жауап берді

Наверх