Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстаннан Ресейге бензин жеткізуге қатысты ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар туралы мәліметі жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ал жанармайды экспорттау шарттары сатушы мен сатып алушы арасындағы коммерциялық келісімге байланысты.
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер ведомство басшысынан Қазақстан бензинін Ресейге жеткізуде қиындықтар туындағаны туралы ақпаратқа қатысты пікірін сұрады.
Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралында Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарына бензин экспорттауға квота бөлінгені, алайда көрші ел ұсынған бағаның төмен болуына байланысты жеткізілім жүзеге аспағаны туралы ақпарат тараған еді. Сонымен қатар қазақстандық бензиннің сапасына да сын айтылған.
Ерлан Ақкенженов мұндай жағдайлардан хабарсыз екенін мәлімдеді. Министрліктің құзыретіне мұнай өндіру, тасымалдау және өңдеу саласындағы саясатты жүргізу кіретінін атап өтті.
Біз өз құзыретімізге сәйкес Ресейге және басқа елдерге бензин жеткізе алатын мұнай өңдеу зауыттарына арналған жеткізу жоспарын белгіледік. Алайда мұндай жағдайларды білмеймін және байқап отырған жоқпын, – деп жауап берді министр.
Оның сөзінше, жанармайды экспорттау – кәсіпкерлік субъектілері арасындағы коммерциялық мәселе. Мұндай қатынастар тұтынушы мен сатушының өзара келісімі арқылы реттеледі.
Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, біз коммерциялық қатынастарға араласпаймыз, – деп түсіндірді Ерлан Ақкенженов.