Белгілі онколог Райымқұл Қарақұлов өмірден өтті

9 Наурыз 2021, 15:43
1782
Бөлісу:
Белгілі онколог Райымқұл Қарақұлов өмірден өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда 79 жасқа қараған шағында Қазақстан онкологтар қауымдастығының мүшесі, жоғары санаттағы онколог дәрігер, академик, профессор, медицина ғылымдарының докторы Райымқұл Қарақұлов өмірден өтті. Онкологтың қазасы туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Facebook-те хабарлады.

Бүгін түнде біздің қымбатты профессорымыз, ұстазымыз, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ Гематология және сүйек кемігі трансплантациясы орталығының онколог дәрігері Райымқұл Қарақұлұлы Қарақұлов дүниеден озды. «ҚазОРҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы Диляра Қайдарова бастаған институт ұжымы Райымқұл Қарақұлұлының отбасы мен жақындарына көңіл айтады. Бұл Қазақстанның медицина және онкология қоғамдастығы үшін орны толмас қаза, - делінген хабарламада.

Райымқұл Қарақұлов шетел ғалымдарымен белсенді ынтымақтастықта болды, халықаралық форумдар мен конгрестерге қатысты. 2013 жылдан бастап Лимфорумның (қатерлі лимфомалар бойынша) тәуелсіз сарапшысы болды.

Ол 350-ден астам жұмыс жариялады, оның 50-і шетелде жарық көрген. Сонымен қатар, ол екі монографияның, 10 авторлық куәліктің авторы, оның екеуінің халықаралық маңызы бар.

Райымқұл Қарақұлов 1942 жылы 13 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылында туған. 1967 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын, педиатр факультетін тәмамдаған.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына 1971 жылы қарапайым лаборант болып кірді. 1984 жылдан гемобластоз бөлімінде жұмыс істеді, ҚазОРҒЗИ-да осы бөлімді құрғандардың бірі. 1993 жылдан 1999 жылға дейін бөлім жетекшісі, кейін химиотерапия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Соңғы жылдары Қазақ онкология және радиология ҒЗИ Гематология және сүйек кемігі трансплантациясы орталығының профессоры болды.

Ғылыми зерттеулердегі жетістіктері үшін «КСРО өнертапқышы» және «КСРО денсаулық саласының үздігі», «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

Былтыр желтоқсанда, институттың 60 жылдығы құрметіне «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі табысталды.

Өзгелердің жаңалығы