Белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербек туралы кітаптың тұсаукесері өтті
29 Сәуір 2021, 12:27 1220

Белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербек туралы кітаптың тұсаукесері өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.

Кітап белгілі кинотанушы, көрнекті ғалым, профессор, Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ұлағатты ұстаз Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің өмірі мен шығармашылығына арналған.


Кітапта Бауыржан Нөгербектің қазақ кино өнері, оның қалыптасу және даму тарихы, ұлттық кино өндірісінің ерекшеліктері туралы әр жылдары баспасөз бетінде басылған мақалалары мен сұхбаттары, мұрағат құжаттары мен фотосуреттері жинақталған.

Мен ол кісімен 50 жылдай араластым. Ол кино сыншысы болғанымен, театр саласын да жетік білетін. Оның ескертпелері назардан тыс қалмайтын. Алғашқы «Ертегілерге жан біткенді» кітабы шыққанда өзі алып келіп табыстаған сәті күні кешедей есімде. Әлем қазақ киносын Бауыржанның жазбалары арқылы таныды деуге болады, - деді Қазақстанның халық әртісі, театр және кино режиссері Тілектес Мейрамов.

Сондай-ақ, кітапта ұлттық киноның туын көтерген көрнекті ғалым, кинотанушы, өткір ойлы сыншының өмірі мен шығармашылығы, азаматтық ажары мен қайраткерлік келбеті туралы әріптестері мен шәкірттерінің, дос-жарандары мен туған-туыстарының естеліктері берілген. 

Ол алтын азамат еді, өті білімді білікті ұстаз болды. Кітапқа ұстазым туралы 2017 жылы "Айқын" газетіне шыққан естелік мақалам енген екен. Қуанып қалдым, - деді шәкірті, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Бауыржан аға бізге емір-еркін ойымызды жеткізуді үйретті. Барлық 11 студентті еш төмендетпей, көтере білді. Ол қазақ киносындағы ұлттық болмыс, қазақи дүниелерді іздеп, соған аса мән берді. Біздің ұстазымыз көзқарасы бірегей, талғамы жоғары өз ісінің нағыз маманы болды, - деді оның шәкірті Нұрбол Алманов.

Қателеспесем оның соңғы гезетке жазған мақаласы «Анаға апарар жол» фильмі туралы болды. Басты рөлде қызы Алтынай Нөгербек ойнағанына қарамастан сол фильмдегі бейнеге сынмен қарады. Мені сол тазалығы таң қалдырды, - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері кинорежиссер, Әсия Сүлеева.

Кітап Алматы қаласындағы Қазақ университеті баспасынан шығып отыр. Құрастырушылары – Бауыржан Нөгербектің жары, белгілі театртанушы Гүлжаhан Бекхожина және ұлы, белгілі кинотанушы, Phd докторы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті Баубек Нөгербек. 





Фото: автордан
Загрузка...