Беларуссиядағы жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін

19 Тамыз 2020, 13:44
1682
Бөлісу:
Беларуссиядағы жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Екі ел арасындағы тауар айналымы әсіресе соңғы жылдары қатты өскен. Осыдан 3-4 жыл бұрын тауар айналымы 500 млн долларға жетпейтін, қазір 1,5 млрд долларға жуықтады. Бұл туралы экономист Мақсат Халық тілдесу барысында айтты.

Экономистің айтуынша, Беларуссия мемлекеті ЕЭАО-ға кіретін одақтас мемлекет, әрі ондағы қазіргі жағдай бізді алаңдататыны орынды. Жасыратыны жоқ, Беларуссияның экспорты бізге қарағанда көп, бізде экспортқа қарағанда импорт жоғары. Мысалы, екі ел арасындағы сауда айналымы 10% деп алсақ, оның 8 пайызы Беларуссияға тиесілі, - дейді ол.
Қазақстан ол елге негізінен мұнай өнімдерін, көмір, цинк, мақта және күріш өткізеді екен. Ал Белларуссиядан бізге азық-түлік, жиһаз, ауылшаруашылық техинакалары, тоңазытқыш, кір жуу машинасы, дәрі-дәрмек сияқты өнімдер жеткізіледі. 
Екі ел арасындағы сауда айналымы 1,5 млрд доллар, бұл өте үлкен қаражат болмауы мүмкін, алайда ЕЭАО елдері арасындағы сауда айналымын пайызға шағар болсақ, бұл жаман көрсеткіш емес. Одақ ішіндегі Қазақстанның сыртқы тауар айналымында ең үлкен үлес Ресей Федерациясына тиесілі, ол – 92,4%. Екінші орында Қырғызстан - 4%. Ал Беларуссиямен – 3,6%. Демек біз Қырғызстанмен әлдеқайда көп сауда қатынасын жасаймыз. Пайыздар көп нәрсені айтып тұр, Беларуссиямен арадағы сауда қатынасының нүктесі әлі жоғары, яғни әлі де дұрыс жолға қоюды талап етеді. Сондықтан ол елдегі саяси жағдайлар Қазақстанға тікелей әсер ете қоймайды деген ұйғарым жасауға болады. Алайда Беларуссиядағы саяси жағдай қатты шиеленісіп кетер болса, онда ол ел арқылы Еуропадан тауар жеткізу жағынан қиындықтар туындауы мүмкін, - дейді Мақсат Халық. 
Сонымен қатар, ол Беларуссиядағы саяси жағдайға көрші Ресей араласса, онда Еуропа елдері тарапынан тағы да санкция салынатынын, оның арты теңгенің тағы да құлдырауына әкелетінін жеткізді.

Айта кетсек, 2020 жылғы 9 тамызда Беларусь елінде президент сайлауы өтті. Сайлау нәтижесімен келіспеген халық наразылық шерулерін өткізіп, елдің бұрынғы президенті Александр Лукашенконың кетуін талап етіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы