Үкімет отырысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстанда цифрлық активтер саласында отандық құзыреттер мен технологиялық компанияларды дамыту үшін жағдай жасауды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Цифрлық активтер индустриясын дамыту – тек қаржылық реттеу мәселесі ғана емес. Аталған бағыттың негізінде заманауи технологиялар, бағдарламалық шешімдер және жоғары білікті мамандар тұр. Нарықтың дамуы ел ішінде қажетті құзыреттердің қалыптасуына ықпал етуге тиіс. Қазақстан цифрлық активтер айналымының алаңы ғана емес, сонымен қатар осы сала үшін өз өнімдерін әзірлеп, жоғары білікті мамандарын даярлайтын ел болуы керек, - дейді Олжас Бектенов.
Жасанды интеллект министрлігіне Ғылым министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құзыреттерді дамытуға және қазақстандық технологиялық компаниялардың пайда болуына қажетті жағдай жасау тапсырылды.
Сонымен қатар Олжас Бектенов цифрлық активтер нарығында бәсекеге қабілетті жағдай қалыптастыруды тапсырды.
Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық активтер нарығында бәсекеге қабілетті жағдайлар қалыптастыруы қажет. Ұсынылып отырған шешімдер Қазақстан экономикасына капиталды қайтаруға, ішкі нарықты дамытуға және халықаралық қатысушыларды белсенді тартуға ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру жұмыстарын жеделдету қажет, – деп тапсырды Премьер-министр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда цифрлық активтер саласында 34 жоба іске асырылып жатыр.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда цифрлық активтерден түскен табысты салықтан босату ұсынылды