Қазақстанда биылғы 1 мамырдан бастап цифрлық активтер нарығын жалпыұлттық деңгейде реттеудің кешенді моделі күшіне енді. Бүгінде нарықта қандай өзгеріс бар? Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, Қазақстанның міндеті – бәсекеге қабілетті әрі реттелетін цифрлық активтер нарығын құру. Бұл ретте операциялар, өтімділік және капитал ел ішінде шоғырлануға тиіс.
Биыл банктер туралы жаңа заңнама аясында цифрлық активтер саласында ауқымды реформа жүргізілді. Заңнамаға алғаш рет цифрлық қаржы активтері, соның ішінде стейблкоиндер, токенделген нақты активтер мен қаржы құралдары енгізілді.
Оларды шығару, сақтау және иелерінің құқықтарын есепке алу талаптары белгіленді. Сондай-ақ қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің, яғни криптовалюталардың заңды айналымының шеңбері айқындалды.
Цифрлық активтер қызметін көрсететін провайдерлер институты енгізілді. Оларға активтерді токендеу платформаларының операторлары, криптобиржалар және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары (криптоайырбастау пункттері) жатады. Нәтижесінде осы жылғы 1 мамырдан бастап Орталық Азиядағы алғашқы кешенді жалпыұлттық цифрлық активтер нарығын реттеу моделі күшіне енді, – деді Тимур Сүлейменов.
Қазақстан бұл нарықты реттеуді 2022 жылы бастаған. Сол кезде «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы криптобиржалардың банктермен өзара жұмыс істеу тетігі іске қосылып, криптовалюта мен дәстүрлі ақша арасындағы алғашқы реттелетін айырбастау арнасы пайда болды. Ал 2023 жылы «Цифрлық активтер туралы» заң қабылданды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша АХҚО провайдерлерінің операциялар көлемі 10,6 млрд АҚШ долларына жетті. Клиент саны шамамен 215 мың адамды құрады. Алайда бұл режим тек АХҚО аясында жұмыс істеді және бүкіл ішкі нарықты қамтымады, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның мәліметінше, 2025 жылғы шілдеде Ұлттық банк цифрлық активтер саласындағы жаңа өнімдер мен бизнес-модельдерді енгізу үшін «реттеуші сынақ алаңын» құрған. Қазір онда 14 бағыт бойынша 34 жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында стейблкоиндер, активтерді токендеу, криптобиржалар, цифрлық активтерді сақтау және криптовалютаны дәстүрлі ақшаға айырбастау сервистері бар.
Сүлейменов цифрлық активтердің әлемдік қаржы жүйесіндегі орны да нығайып келе жатқанын атап өтті.
Соңғы бірнеше жылда цифрлық активтер әлемдік қаржы жүйесінің тұрақты бір бөлігіне айналды. Бүгінде нарықтың жаһандық аудиториясы шамамен 750 млн адам. Нарықтың капиталдануы 2,3 трлн АҚШ долларына жетті. Өткен жылы стейблкоиндер айналымы 50 трлн АҚШ долларын құрады. Соңғы үш жылда токенделген активтер нарығы 12 есе өсті, – деді ол.
Ұлттық банк басшысы әлемде үш негізгі үрдіс қалыптасқанын айтты. Біріншісі – тыйым салудан ресми лицензиялауға, қадағалауға және ортақ халықаралық стандарттарға көшу. Екіншісі – цифрлық активтерді банктермен, төлем инфрақұрылымымен және капитал нарығымен біріктіру.
Үшінші үрдіс цифрлық активтерді іс жүзінде пайдаланумен байланысты. Олар трансшекаралық төлемдерде, активтерді сақтау қызметтерінде, сондай-ақ нақты және қаржылық активтерді токендеуде қолданылып жатыр.