Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде мемлекеттік қызметтер жүйесін одан әрі трансформациялау және мемлекет пен азаматтар, сондай-ақ бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың проактивті моделіне көшу міндеті қойылды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министрдің айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде озық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу қажет.
Мемлекет басшысы ел өмірінің әр саласына, бірінші кезекте, азаматтарға және бизнеске мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде озық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу міндетін қойды. Жасанды интеллект құралдарын шешім қабылдау үдерістерімен ықпалдастырып қана қоймай, олардың көмегімен мемлекеттік қызметтер көрсетудің толыққанды цифрлық экожүйесі қалыптасуға тиіс. Бұл ретте мемлекет пен азаматтың өзара іс-қимыл моделі одан әрі де шешімдерді проактивті түрде қабылдау қағидатына негізделуі қажет, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында мемлекеттік қызметтер көрсету саласының цифрландырудың жоғары деңгейіне жеткені де айтылды.
«Электрондық үкімет» порталы толығымен жаңғыртылып, жаңа eGov 3.0 платформасына көшірілді. Енді мемлекеттік органдар артық қадамдар мен құжаттарды алып тастап, өз қызметтерін осы платформа арқылы көрсетуді қамтамасыз етуге тиіс, – деді Премьер-министр.
Қазірдің өзінде eGov GPT цифрлық ассистентінің диалог терезесі арқылы 50 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Цифрлық ассистент қажетті өтінімді өзі рәсімдеп, дайын нәтижесін ұсынады.
Олжас Бектенов жасанды интеллект министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық ассистент арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер санын арттыруды тапсырды.
Қазірдің өзінде eGov GPT цифрлық ассистентінің диалог терезесі арқылы 50 қызмет қолжетімді. Ол қажетті өтінімді өзі рәсімдеп, дайын нәтижесін ұсынады. Жасанды интеллект министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін цифрлық ассистент арқылы көрсетілетін қызметтер санын 150-ге дейін арттыруды тапсырамын, – деп атап өтті Премьер-министр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, eGov порталы жаңартылып, QazTech платформасында әзірленген eGov 3.0 жаңа нұсқасы іске қосылды. Енді қызметтер барынша қарапайым әрі пайдаланушыға ыңғайлы форматта ұсынылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында айтты