eGov 3.0 іске қосылды: Мемлекеттік қызметтерді алу қалай жеңілдейді?

Мәдиев жаңа цифрлық көмекшінің мүмкіндігін түсіндірді

11 Тамыз 2026, 10:35
АВТОР
 Үкімет 11 Тамыз 2026, 10:35
11 Тамыз 2026, 10:35
191
Фото: Үкімет

eGov порталы жаңартылып, QazTech платформасында әзірленген eGov 3.0 жаңа нұсқасы іске қосылды. Енді қызметтер барынша қарапайым әрі пайдаланушыға ыңғайлы форматта ұсынылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, бұған дейін eGov порталы өзінің технологиялық мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп келген. Осыған байланысты QazTech платформасында заманауи eGov 3.0 порталы әзірленіп, жақында іске қосылған.

Жаңа нұсқада мемлекеттік қызметтер пайдаланушыға барынша ыңғайлы форматта жинақталған.

Қызметтер барынша оңай, пайдаланушы үшін ыңғайлы форматта жинақталды. Талаптар мен қадамдар саны азайды. Сұранысқа ие қызметтердің бір бөлігі жаңа форматта қолжетімді, – деді Жаслан Мәдиев.

Порталда кері байланыс мүмкіндігі пайда болды

Жаңа eGov 3.0 порталында пайдаланушыларға кері байланыс қалдыру мүмкіндігі де іске қосылған.

Енді әр азамат мемлекеттік қызметтерді қалай ыңғайлы етуге болатыны жөнінде өз ұсынысын қалдыра алады.

Министр барлық қазақстандықтарды бұл мүмкіндікке белсенді қатысуға шақырды.

Онда әрбір пайдаланушы қызметтерді ыңғайлау жөнінде өз ұсынысын қалдыра алады. Барлық қазақстандықтарды белсенді қатысуға шақырамыз. Үздік ұсыныстар порталды одан әрі жаңғырту барысында ескерілетін болады, – деді ол.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, eGov порталын жаңғырту жұмысы мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта барлық мемлекеттік қызметті жаңа форматта қайта жинақтау жоспарланып отыр.

Осыған байланысты орталық мемлекеттік органдарға аталған жұмысты жеделдету міндеті қойылған.

Қазақстан электрондық үкімет индексінде 24-орында

Мемлекеттік қызмет көрсету саласында Қазақстан соңғы жылдары едәуір цифрлық трансформациядан өтті.

Министрдің айтуынша, бұл өзгеріс компьютердегі мемлекеттік қызметтер порталынан бастап мобильді қосымшаға, кейін қызметтер бойынша кеңес беретін eGov-тағы AI-көмекші мен 1414 AI колл-орталығына дейін жалғасты.

Бұл жұмыс халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып отыр.

Бүгінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Электрондық үкіметті дамыту индексінде әлем бойынша 24-орында. Біз жасанды интеллектіні енгізу және қызметтерді үнемі жақсарту арқылы одан да жоғары көрсеткіштерге сенімді қадам басып келеміз, – деді Жаслан Мәдиев.

eGov GPT азаматқа қажетті қызметті өзі анықтайды

Министрдің айтуынша, сәуір айынан бастап интеллектуалды цифрлық ассистент eGov GPT іске қосылды.

Бұл мемлекеттік қызмет алудың тағы бір қарапайым әрі ыңғайлы тәсілі.

Бұған дейін азамат қажетті қызметті алу үшін қай мемлекеттік органға жүгіну керектігін, қандай өтініш толтыру қажет екенін және қандай құжаттарды жинау керектігін өзі анықтайтын.

Енді азаматқа өзінің өмірлік жағдайын қысқаша сипаттаса жеткілікті.

Мысалы, «маған тұрғылықты жер бойынша тіркелу керек» немесе «биыл балам бірінші сыныпқа барады» деп жазуға болады.

Осыдан кейін eGov GPT қажетті мемлекеттік қызметті өзі анықтап, азаматтың атынан өтінішті дайындайды және қызметті нәтижесіне дейін жеткізеді.

Яғни мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың келесі кезеңі азаматқа қажетті қызметті іздеуді ғана емес, оны алу процесін де барынша жеңілдетуге бағытталып отыр.

 

 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх