Бекболат Тілеуханның орынбасарынан да коронавирус анықталды

12 Маусым 2020, 17:10
2250
Бөлісу:
Бекболат Тілеуханның орынбасарынан да коронавирус анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бекболат Тілеухан басқаратын Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбайдың коронавирус індетін жұқтырғаны белгілі болды. 

Бұл туралы Рахат Жақсыбай Facebook-тегі парақшасында жазды.

Кейде осындай хабар жазуға да тура келеді. Әлемдік пандемия басталып жатқанда Англияда едік. О жақта өткен жылдың соңынан дабыл қағып бастаған. Сақтық жасап, үйден шықпадық. Ал ақпанда жұғу қаупі жоғары деген Лондон метросын, әуежайын басып өтіп, елге аман-сау оралғанбыз. Әрі қарай белгілі. Елмен бірге екі жарым ай карантинде болдық. Сосын бекеттер алынды. Әйтеуір, бізге қатысы болмайтындай көргенбіз. Қатысты болып шықты. ПЦР оң нәтиже көрсетті. Ауруханадамын енді. Негізі адамның сырқаты жеке құпиясына жатады заң бойынша. Бірақ қоғамдық резонанс, бар ма, жоқ па деген сауал көбейген соң, жазуды жөн көрдім, - деді ол.

Қауымдастықтың атқарушы директоры коронавирус дерті адам иммунитеті әлсіреген тұста күшейе түсетінін айтты.

Жан-жақты көп ақпарат айтылып жатыр ғой вирус туралы. Мен өз жағдайыма қатысты ақпаратпен бөлісейін. Ең алдымен, түсінгенім, вирус адамды иммунитеті әлсіреген тұста алатын сияқты. Кондиционер астында суықтап қалу, салқын балмұздақты асап жіберу, ыстық күнде келіп, суық душ қабылдау деген сияқты. Осындайдан кейін адамдармен араласқан соң, вирус тез жұғуы мүмкін. Ауырып жатқан таныстарымның қайсысымен сөйлессем де, айтатындары осы. Өзім де сырқаттанар алдында, екі сағат кондиционер астында отырып қалған едім. Яғни, тиісті алдын алу шараларынан бөлек, иммунитетті көтеріп, түсіріп алмау жағына мән беру керек, - деді Рахат Жақсыбай.

Жақсыбайдың айтуынша, ауруханада сырқаттанған адамдар толып жатыр.

Қазір ел босаңсып кетті, рас. Соңғы аптада бірақ тіркелгендер саны көбейіп тұр. Ауруханалар толып жатыр. Алда тағы жаза жатармын. Сұрақтар болса, жауап беруге тырысамын. Денсаулықтарыңызды күтіңіздер!, - деп қорытындылады ол.
Бұған дейін Бекболат Тілеуханның коронавирус індетін жұқтырып, ауруханада ем қабылдап жатқаны туралы хабарлағанбыз.
Өзгелердің жаңалығы