Бекболат Тілеухан: Қазақтың қазанатын бірге сақтайық!

2 Қаңтар 2022, 09:47
1637
Бөлісу:
Бекболат Тілеухан: Қазақтың қазанатын бірге сақтайық!
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан Қостанай жылқысын дамытуға қатысты «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» корпоративтік қоры қолдау көрсеткенін айтты.

2022-ні бір сүйінші хабармен бастап отырмыз, ағайын. Жағымды жаңалық сол –  «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» корпоративтік қорының жылжабар тұста өткен қамқоршылық кеңесі «Қазақтың қазанаты – Қостанай жылқысының бәйге жарыстарын өткізу» жобасына қолдау білдірді - деді ол өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында.

Қостанай жылқысы – бүгінгі таңда жоғалудың аз-ақ алдында тұрған біздің асыл мұрамыз. 

1889 жылы патшалық Ресей өкіметі қазақтың қазанатын негізге ала отырып, Қостанай жылқы зауытын құрады. Екінші дүниежүзілік соғысқа, аштыққа, репрессияға қарамастан Қостанай тұқымының селекциясы үздіксіз жалғасты. 60 жылғы сұрыптау нәтижесінде 1951 жылы Қостанай жылқысы зауыт тұқымы ретінде танылады. Кеңес өкіметі уақытында Қостанай жылқысы КСРО-ның ең үздік жылқы тұқымдарының қатарына қосылды. Бүкілодақтық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы болған аттар да осы зауыттан шыққан. Заказ, Билетер, Гостинец деген Қостанай аттары өте танымал жүйріктер қатарында болды - деді қауымдастық президенті.

Алайда, кезінде аты дүрілдеген жылқы тұқымы қазір жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр. 

1969 жылғы санақ бойынша саны 44 000-ға жеткен Қостанай жылқысынан қазір зауытта бар-жоғы 50-ге жетер-жетпес басы қалған. Енді бір аз ғана тобы жеке азаматтардың қолында. Қостанай жылқысын сақтап қалу жолындағы қадамдарымыз өткен жылдың көктемінен басталған. 19 сәуірде Ұлттық спорт қауымдастығы Қостанай жылқы тұқымын сақтау және дамыту туралы арнайы жиын өткізіп, асыл тұқымды жылқыны сақтап қалу жолдарын Аманжол Хасенов, Талғат Жайсаңбаев, Айгүл Амандықова және басқа да сала мамандары, атбегілермен бірге талқыға салғанбыз - деп еске алды экс-депутат.

Ол осы жиналыстың шешімін Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа таныстырғанын атап өтті.

Содан кейін жиналыстың шешімдерін, қостанай жылқысының қазіргі нашар жағдайын ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжановқа таныстырған едік. Ералы Лұқпанұлы да мәселеге жіті назар аударып, түйінді сұрақтың күрмеуін шешуге белсене кірісті. Осылайша, тура алты ай бұрын, 1 шілдеде Үкіметте Премьер-министр орынбасарының төрағалығымен Қостанай жылқысы тұқымын сақтау және дамыту бойынша үлкен жиын өтті. Пәрменді әрекеттер нәтижесінде, Қостанай жылқысын сақтап қалу, дамыту үшін арнайы жол картасы бекітілді. Қостанай жылқысының тұқымын дамыту үшін мақсатты ұзақ мерзімді бағдарламасы әзірленді. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Елбасы кубогі» республикалық турнирінде алғаш рет қомақты жүлде тігіліп, қостанай жылқысының бәйгесі жасалды - дейді Бекболат Тілеухан.

2022 жылғы Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен спорттық бұқаралық іс-шаралардың күнтізбесіне республикалық деңгейдегі 6 турнир енгізілді. 

Соның аясында қостанай тұқымды жылқылар мен қостанай будандары ғана қатысатын 22 бәйге жарысын өткізу жоспарланып отыр. Игілікті бастамаға қолдау білдіріп, жанашырлық танытқан Ералы Лұқпанұлына, өткен жылдан бері қазақтың жалғыз зауыттық асыл тұқымы аман қалсын деп шырылдап жүрген барша азаматқа алғыс айтамын. Қазақтың қазанатын бірге сақтайық, қостанай жылқысына көңіл бөлейік, аттарымыз бәйгелі бола берсін, ұлттық брендіміз өз биігінен табылсын! - дейді Бекболат Тілеухан.

Өзгелердің жаңалығы