Базалық мөлшерлеме төмендеді: Енді депозиттерге не болады?

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, салымдар инфляциядан әлдеқайда жоғары табыс әкелуді жалғастырады.

Бүгiн 2026, 15:09
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 15:09
Бүгiн 2026, 15:09
240
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің төмендеуінен кейін депозиттердің тартымдылығы сақталатынын мәлімдеді.

Брифинг барысында журналистер базалық мөлшерлеменің төмендеуі банк салымдарының кірістілігіне әсер етіп, қазақстандықтар жинағын басқа құралдарға аудара ма деген сауал қойды.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, мөлшерлемені төмендету туралы шешім ұзақ талқылаудан кейін қабылданған.

Бұл – елеулі қадам. Біз әртүрлі нұсқаларды қарастырдық: 0,25, 0,5 және 1 пайыздық тармақ. Нәтижесінде жиналған оң үрдістерді ескеріп, мөлшерлемені бірден 1 пайыздық тармаққа төмендеттік. Инфляция сегіз ай қатарынан баяулап келеді, сондықтан бұл үрдіске жауап беруіміз қажет болды, – деді Тимур Сүлейменов.

Оның сөзінше, базалық мөлшерлеменің төмендеуі депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелеріне де әсер етуі мүмкін. Алайда бұл салымдардың тиімділігін төмендетпейді.

Қазіргі таңда елдегі жылдық инфляция деңгейі 10,4%-ды құрайды. Ал депозиттер бойынша мөлшерлемелер 19-20% деңгейінде сақталып отыр.

Тіпті депозиттік мөлшерлемелер 1 пайызға төмендеген күннің өзінде олардың кірістілігі инфляциядан айтарлықтай жоғары болады. Сондықтан салымшылар үшін депозиттер әлі де тиімді құрал болып қала береді, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Сүлейменовтің айтуынша, реттеуші халықтың банк салымдарына деген қызығушылығы төмендейді деп күтпейді.

Депозиттердің азаюын күтпейміз. Олар жинақты сақтаудың ең тартымды құралдарының бірі болып қала береді, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы депозиттердің қауіпсіздігіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның банк жүйесі Орталық Азиядағы ең тұрақты әрі капиталдандырылған қаржы жүйелерінің бірі саналады.

Біздің банк жүйесі өте тұрақты, қатаң бақылауда. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымдарды белгіленген шекке дейін қорғайды. Сондықтан депозит – қаражатты сақтаудың ең қауіпсіз қаржы құралдарының бірі, – деді Тимур Сүлейменов.

Еске салайық, 5 маусымда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл шешім инфляцияның сегіз ай қатарынан баяулауымен байланысты қабылданды.

Наверх