Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиді ортақ түркілік сипатта емес ұлттық сипатта жасады – тіл маманы

17 Наурыз 2021, 15:05
3467
Бөлісу:
Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиді ортақ түркілік сипатта емес ұлттық сипатта жасады – тіл маманы
EX

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Латын әліпбиіне көшу барысы қалай жүріп жатыр? Латын әліпбиінің соңғы нұсқасын кімдер жасады? ХІХ-ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі негізіндегі латын әліпбиі қалай жасалды? Осы және басқа да сұрақтар бойынша А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институты тіл мәдениеті бөлімінің ғылыми қызметкері, PhD докторы Ермұхамет Маралбек сұхбат барысында айтып берді.

Тіл маманының айтуынша, латын әліпбиінің төртінші нұсқасын ғалымдар дайындаған. Оған дейінгі нұсқаларының авторы белгісіз. Ал соңғы нұсқа А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтының және басқа да ғалымдардың ортақ өнімі деуге болады.

Төртінші нұсқа - институттың орфографиялық жұмыс тобындағы ғалымдар дайындаған жоба. Сондықтан бұл нұсқа маған ұнайды, көңілімнен шықты. Алғашқы кездері бір-екі әрпіне қатысты «мынау неге бұлай болды екен» деген сұрақтар менде де болған. Кейін оны жазып көрдім, сосын мәтіннің визуалдық қалай көрінетінін тексердім, ол қазақ тілінің дыбыстық қорын сақтаған ба, мына әріптің орнына мына әріп болса, қалай болар еді дегенді саралап келгенде, осы соңғы нұсқа маған ең дұрысы болып көрінді. Бір қарағанда сын айта беруге болады, бірақ шын мәнінде жазып көргенде оның дұрыстығы көрінеді, - дейді ол.

Ахмет Байтұрсыновтың мұраларын зерттеумен айналысатын Е. Маралбек ол кісінің төте жазуындағы белгілі бір таңбалары кезінде төрт рет өзгергенін айтады.

Байтұрсынұлы 1912 жылы бірінші рет оқу құралы әліпбиді шығарды. Ал 1913 жылы «Қазақ» газетінде ол қолданысқа енді, сөйтіп он жылдай қолданыс тапты. Ішіндегі кейбір әріптерін Мамания мектебінің оқытушысы болған Ғабдулғазиз Мұса, Шәкәрім бастаған біраз оқымыстылар мақала жариялап, талқылап отырған. 1922-24 жылдары емле ережелері шығарыла бастайды. 1923 жылы Елдес Омарұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Қазақ білім коммисариаты тарапынан еміле ережесі қабылданған. 1924 жылы Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі өтеді, сол кезде тағы өзгереді, 1925 жылы да өзгеріс енгізіледі. Жаппай өзгермейді, кейбір ыңғайсыз тұстары өзгеріп отырған. Сондағы Ахмет Байтұрсынұлы төте жазуында 30 таңбаға дейін болған. Одан кейін 24, 25 таңбаға дейін қысқарған, - дейді PhD докторы.

Кейін латын қарпіне көшу мәселесі көтерілгенде Ахмет Байтұрсынұлы оған қарсы болыпты. Оның өзіндік себебі де болған екен.

Өйткені ол кезде латынға көшудің қажеттілігі жоқ еді. Жалпы тұрғыдан қажет болған күннің өзінде оған қаржы болмады. Кітаптар жетіспей, өзі сауатсыз болып, мектептер ашылмай жатқан кезде әліпби ауыстыру деген машақаты үлкен жұмыс еді. Сонда Байтұрсынұлының айтқаны бар: «Бізге қажет болса немесе біздің әліпбиіміз жарамай жатса, онда сауат ашу үшін латын әліпбиіне көшу керек еді. Мен бұдан ешқандай қажеттілік көріп тұрған жоқпын, сондықтан қазір біздің латынға көшуімізге қажеттілік жоқ» деп айтқан. Қазіргі латынға көшумен ол кездегінің аты бір болғанымен заты бөлек еді. Біз қазір кирилден латынға көшіп жатырмыз, ол кезде ұлттық әліпбиден латынға көштік, айырмашылық осында, - дейді Ермұхамет Маралбек.

Оның айтуынша, сол тұстары латынға көшу 1924 жылдан бастап көтеріле бастаған. Бір топ әзербайжан зиялылары және Мәскеудегі кейбір студенттің бастамасымен латынға көшу мәселесі қозғалған.

Бұны көпшілік Кеңес үкіметі тарапынан күштеп көшірілген саяси мәселе деп ойлайды, дегенмен оның ғылыми да тұсы бар. Шын мәнінде бұл Еуропа өркениетіне бет бұруға талпынған зиялылардың бастамасы болды. Бірақ оны саясат пайдаланды. Сөйтіп 1928 жылы латынға көшу туралы шешім қабылданады, - дейді ол.

Сөйтіп латын әліпбиіне 1929 жылдан бастап көше бастаған. Осы аралықта латынға көшу бойынша да көптеген жоба қаралған екен. Бізге оның бір-екеуі ғана жеткен көрінеді.

Ең алғашқы нұсқаларында Байтұрсынұлының әліппесі бойынша дәйекше енгізілген. Ол дегеніміз қазір қолданып жүрген апостроф, диграфтар емес, бұл Байтұрсынұлы әліпбиіндегі жуан, жіңішке сингормонизмді білдіретін белгі. Сол дәйекше арқылы Байтұрсынұлы 21 таңбаның мәнін берген. Ол әліпбиде тек жуан дыбыстардың мәнін таңбалайды да, жіңішкелеріне таңба арнамайды, оны дәйекше арқылы білдірген. Ол дәйекше мына латын әліпбиіне келмейді деген, сөйтіп оны алып тастап, оның орнына жіңішке дауыстылар қосылған әліпби енгізіледі. Оның бас әріптері болмаған, кейін жарамайтын болған соң бас әрпін енгізеді. Ол кезде де біраз өзгерістер болған. Оның үстіне қанша нұсқасы қаралғаны қазір зерттелмей жатыр. Ол жайында көлемді материалдар архивте сақталған, бірақ оны біздің қолға бермей отыр, - дейді ол.

Оның айтуынша, Байтұрсынұлы түркі елдеріне ортақ әліпби жасауды қолдамапты. Ол әр тілдің өзіндік ерекшелігі сақталу керек деген ойда болған.

Байтұрсынұлы 1926 жылы Бакудегі конференцияда: «Біз сіздер үшін әліпби ауыстырмаймыз» дегені бар. Ол әр тілдің өз ерекшелігі сақталу керек деген ойда болған. 1915 жылдары әліпби мәселесіне қатысты «Қазақ» газетінде шыққан мақаласында «Біз түркі халықтарына жақындасатын жерде жақындасамыз, алшақ кететін жерде алшақтауымыз керек» деп жазатыны бар. Ол әр тілдің өзіндік ерекшелігін айтады және сол айырмашылық аз тұстарындағы айырмашылықты жоғалтуымыз керек, ал айырмашылық бар жерде біз өзіміздікін сақтауымыз керек деген ұстанымда болған. «Біз өз тілімізді тастап, басқа түркі тілдерін ана тілі етпесек» деген сөзі бар. Бұдан Ахмет Байтұрсынұлының түркі елдеріне ортақ латын әліпбиі дегенді жақтырмағаны аңғарылады. Ол ұлттық бірігейлікті сақтаған. Оған дәлел ретінде айтсам, бұрынғы кезде араб графикалы әліпби түркі халықтарында ұқсас болды, ал Байтұрсынұлы ондағы араб, татар элементтерінің барлығын жойып, тек ұлттық еміле, таңба жасады. Осыдан-ақ ортақ түрік әліпбиі дегенде Байтұрсынұлының жақтамағанын көруге болады. Әрине түркі елдерімін бірлікте болуды, күш қосуды жақтайды, бірақ тілге келгенде, әр тілдің өзіндік ұлттық ерекшелігін сақтауды жөн көрген, - дейді Ермұхамет Маралбек.

Елімізде жаңа әліпбиге көшу 2023-2031 жылдар аралығында іске асырылмақ. Дегенмен тіл маманы латын әліпбиіне ертерек көшу керек еді деген ойын білдірді.

1926 жылы 260 кітап шыққан екен. Ал қазір жүз жылдан кейін бұл көрсеткіш тіптен жоғары. Оның үстіне электронды түрде аударған оңай. Сондықтан латын әліпбиіне көшеміз деп мақсат қойған соң ертерек кіріскен дұрыс еді. Қазір әліпби мәселесінің жыры бітпей жатыр, сондықтан кешеуілдеп отыр. 2023 жылдан бастап көшкенде де жаман болмас еді. Дегенмен бұны тездеткен жөн, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы