Байқоңыр мен Есіл аудандарында газ құбырының құрылысы басталды

8 Шілде 2022, 15:28
1271
Бөлісу:
Байқоңыр мен Есіл аудандарында газ құбырының құрылысы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында елорданы газдандыру қалай жүріп жатқанын қала әкімі Алтай Көлгінов айтып берді.

Әкім Байқоңыр мен Есіл ауданында газ құбырының құрылысы басталғанын айтты. Ильинка (Үркер), Өндіріс, Пригородный, Телман елді мекендері, сол сияқты Family Village, Garden Village шағын аудандары және т.б. Шұбар шағын ауданында жобалау жұмысы жүріп жатқанын хабарлады. 

Есіл және Байқоңыр ауданында газ құбырының құрылысына кірісіп, келесі жылы кварталішілік желілердің құрылысына кірісеміз. Қалада 2 аудан – Сарыарқа және Алматы толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 км-ден астам газ тарату желісі салынды, кварталішілік желілер тартылды. 14 мың абонент газға қол жеткізді, 6 мыңнан астам абонент техникалық шарттар алды, сонымен қатар 3,6 мыңнан астам үй газға қосылды, - деді әкім. 
 

Алтай Көлгінов осы қыста жеке секторда газға қосылған үйлердің арқасында ауа әлдеқайда таза болғанын және газға қосу қала тұрғындарының өмір сүру сапасына да оң әсерін тигізгенін атап өтті. 

Сондай-ақ қала тұрғындарының өз үйін газға қосу үшін құжаттар жинау туралы өтініштерін ескере отырып, құжаттар тізімі 2 есеге қысқартылды. Бұрын құжаттарды жинауға 6 айға дейін уақыт кететін. 

Бұл шара Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиясыздандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы