Бауыржан Байбек: Адам өмірінен қымбат еш нәрсе жоқ
9 Қаңтар, 10:01 690

Бауыржан Байбек: Адам өмірінен қымбат еш нәрсе жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Nur Otan" партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек халықты сабырға шақырды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Еліміз алғаш рет бұрын соңды болмаған ауқымдағы лаңкестікке тап болды. Ахуал барған сайын күрделене түсті. Бейбіт түрде басталған митингіні деструктивті күштер мен арандатушылар пайдаланып, жазықсыз жандардың қаны төгілді, мемлекет пен азаматтарға орасан зор моральдық және материалдық зиян келтірілді. Жағдайдың ушығуына жауапсыз, бәлкім, ықтимал белсенділер шоғырының қасақана әрекеті жол аша түсті. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы ахуалға дәл баға беріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың өмірін қорғау және елдегі жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты тапсырмалар берді - деді ол.

Қалыптасқан жағдайда ел Президенті лаңкестер мен бұзақыларға қатысты барынша қатаң шара қолдану жөнінде бірден бір дұрыс шешім қабылдады. Конституцияның кепілі ретінде Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының азаматтарын қорғау және құқықтық тәртіпті қалпына келтіру үшін барлығын жасауда. 

Адам өмірінен қымбат еш нәрсе жоқ! Ең дамыған демократиялық елдердің өзінде адамдар қырғынға ұшыраған лаңкестік актілер жағдайында барынша қатаң шаралар қабылданады. Ел Президентінің тапсырмасымен құрылған тергеу тобы себептерді саралап, барша кінәлілерді анықтайтынына сенімдімін. Лаңкестер, мародёрлер, арандатушылар, сондай-ақ ұйымдастырушылар заңға сәйкес қатаң қылмыстық жауапқа тартылатын болады. Осы күндері нұротандықтар халықпен бірге алдыңғы шептен табылуда. Қалыптасқан ахуалға орай біздің филиалдарымыз бен қоғамдық қабылдау бөлмелеріміз қарқынды жұмыс істеуде. Депутаттар, белсенділер мен волонтерлар жергілікті жерлерде әкімдіктерге көмек көрсетуде. Алда қираған қалаларды қалпына келтіру және зардап шеккендерге атаулы көмек көрсету бойынша көп жұмыс тұр. Билеуші партия ретінде "Nur Otan" осыған өзінің барлық ұйымдық, кадрлық және басқа да ресурстарын бағыттайды - деді Бауыржан Байбек.

Ол халықты Президентпен бірге болуға шақырды.

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, осынау сын-қатерлерді еңсеріп, еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін баршамыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың маңайына топтасуымыз керек. Барша қазақстандықтарды арандатуларға бой алдырмай, ауызбіршілік танытып, құқық қорғау және жергілікті атқару органдарына жан-жақты көмек көрсетуге шақырамын. Барша қаза тапқан жандардың отбасылары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, партия атынан көңіл айтамыз. Біздің күшіміз бірлікте! Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз! - деді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...