«Батыс Еуропа – Батыс Қытай»: Қызылордада жол бойында 41 кәсіпкерлік нысан бар

31 Наурыз 2022, 14:28
2866
Бөлісу:
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай»: Қызылордада жол бойында 41  кәсіпкерлік нысан бар

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының шыға берісіндегі «Амангелді» жол бойындағы кешені 7 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 

Жол бойындағы кешеннің иесі Ахмет Сейітжаппаров соңғы екі жылдағы қиындықтарға қарамастан отбасылық кәсібін дамытып, кеңейтуде. 

Жолаушыларға қызмет ететін бұл кәсіпкерлік нысан ең алғаш рет Белкөл стансасының жанынан ашылып, онда кәсіпкердің әкесі жұмыс жасаған. Алғашқыда дәмхана болып ашылған кәсіпті кейін кәсіпкердің әпкесі Раушан Сейітжаппарова жалғастырып, уақыт өте келе жол бойындағы кешен құрып, кәсібінің көкжиегін кеңейткен. 

Кәсіпкер әйел 2015 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы 50 пайыз кепілдікпен несие алған. Жобаның құны 100 миллион теңгені құрады. Алғашқы жылы мұнда техникалық қызмет көрсету станциясы, сауна іске қосылды. Оған қоса, 120 орындық дәмхана, екіқабатты қонақ үйдің бірінші қабаты салынды. Жоба бойынша жоспарға ат спорты клубының құрылысы да кірген. 

Кәсіпкерлік нысан жолаушыларға ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынып, өз жұмысын жандандырған уақытта Раушан Сейтжаппарова Өзбекстаннан тәжірибелі аспаз шақыртты. Осылайша, жол бойындағы кешеннің ас мәзірі толыға түсті. 

Кешеннің дәмханасындағы сүт пен ет өнімдері кәсіптің негізін қалаушы Амангелді Сейітжаппаровтың мал шаруашылығынан жеткізілді. Сондықтан да дәмханадағы баға қызмет алушылардың көңілінен шығып отырды. 

Қазіргі таңда азық-түлік өнімдері өзге кәсіпкерлерден де алады. Бұл жөнінде бірнеше жылдан бері «Амангелді» кешенін басқарып отырған Ахмет Сейітжаппаров айтты. 

Қазір ет-сүт өнімдерін тек өз шаруашылығымыздан әкеліп қоймаймыз. Біз үшін бұл біршама қымбатқа түсті. Бүгінде жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін тұтынамыз. Азық-түлік бағаларында ерекше айырмашылық жоқ, - дейді Ахмет Сейтжаппаров.

Қазіргі таңда бұл жол бойындағы кешенде кір жууға арналған аумақ, вулканизация, 50 орындық автотұрақ бар. Сонымен қатар өткен жылы кешен аумағынан ыстық суы бар жуынатын бөлме салынған.

Кәсіпкердің айтуынша, кешенде тек жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Қыс мезгілінде 10 адам жұмыс істесе, көктем-жаз айларында жұмысшылар саны артып, 20-дан аса адам жолаушыларға қызмет көрсетеді. 

Соңғы жылдардағы әлемдегі өзгерістер жол бойындағы кешендерге де өзінің салқынын тигізуде. 

Кәсіптің бұл бағытында қиындықтар байқалуда. Негізінен келушілер саны азайғаны рас. Бұған коронавирус инфекциясына байланысты екі жылдық карантин, сонымен қатар Украинадағы қазіргі жағдай себеп болып отыр. Соның салдарынан бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізімен ауыр жүк көліктер ағыны айтарлықтай азайды. Сонда да кәсібімізді жалғастыра береміз, күнімізді көреміз. Өткен қыс ерекше ауыр болды. Кешеннің шығындары көбейіп, кірісі азайды, – дейді кәсіпкер Ахмет Сейтжаппаров. 

Экономикалық жағдайдың қиындығынан қазір жол бойындағы бизнестің шатқаяқтап тұрғаны белгілі. Алайда кәсіпкер бұл қиындықтардың уақытша екеніне сенеді және жақсылықтан үмітін үзген емес. Кәсіпкердің алдағы уақытқа жоспарлаған тың идеялары көп. 

Біздің кешеннің жобасында ат спорты үйірмесі бар. Бұл идеяны көптен бері ойға алып, оны іске асырудың жолдарын қарастырдық. Кешеннің аумағынан ұзақ жолсапарға шыққан халықаралық рейстердің жүргізушілері, шетелдік туристер мен жергілікті тұрғындар демалатын демалыс аймағын құруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін кешенді абаттандыру мәселесін шешу қажет, - дейді кәсіпкер. 

Сондай-ақ кәсіпкер кешеннің аумағынан жылыжай ашуды да жоспарлап отыр. Бұл маңайда жылыжай салу үшін ең алдымен көгілдір отын жеткізу қажет. 

Көгілдір отын болса, жылыжайдың жұмысын бастау әлдеқайда жеңіл болар еді. Газдандыру жұмыстары жүргізілмей бұл кәсіп біз үшін қиынға соқпақ, әрі көп шығынды қажет етеді. Оған қоса, қонақ үйдің екінші қабаты әлі аяқталмаған, - дейді кәсіпкер. 

Ахмет Сейітжаппаров ұзақ жылдар ішкі істер органдарында қызмет еткен ардагер.  Ол бүгінде әкесінің ісін жалғап, отбасылық бизнесін дамытып, елдің дамуына атсалысып келеді. Кәсіпкер биыл облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға жүгінбек. 

Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Біржан Байқожаевтың айтуынша, қазіргі таңда аймақта жол бойындағы кәсіпкерлік нысанның саны 40-тан асады.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда облысы аумағында инвестиция көлемі 10,6 млрд. теңгені құрайтын
41 нысан жұмыс істеп тұр. Бұл жол бойындағы кәсіпкерлік нысандарда 972 адам жұмыспен қамтылған. Аталған кәсіпкерлік нысанның 33-і интернетке қосылған. Сонымен қатар 35 нысан «Google maps» және «Yandex карта» жүйелеріне енгізілген, - дейді Біржан Байқожаев.

Өзгелердің жаңалығы