23-30 қыркүйек аралығында мектептерде 2-4-сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау кезеңі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тішісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында 2-4-сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Бағалаудың екі түрі де оқу процесі барысында бірін-бірі толықтырады.
Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша өткізіледі. Оның форматы пәнге байланысты өзгереді.
Қазақ тілі немесе орыс тілінен диктант және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар орындалады. Бұл ретте оқушының мәтінді сауатты жазуы және оның мазмұнын түсінуі бағаланады.
Әдебиеттік оқудан шығарма немесе мазмұндама, сондай-ақ оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар беріледі. Мұнда мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау және өз ойын жүйелі жеткізу дағдылары ескеріледі.
Математикадан бақылау жұмысы өткізіледі. Оқушының есептеу дағдыларымен қатар, есептің шартын түсінуі, шешу жолын дұрыс таңдауы және жауабын негіздей алуы бағаланады.
Бір аралық бағалау жұмысына 40 минут беріледі. Ең жоғары балл 2-сыныпта – 12, 3-сыныпта – 14, 4-сыныпта 16 балды құрайды.
Формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады. Педагог әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде 50 пайызын қамтуы тиіс. Нәтиже 1-10 балдық шәкіл бойынша бағаланады.
Каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының жазу ерекшелігі оның бағасын төмендетуге негіз болмайды.
Айта кетейік, 1-сыныпта балдық бағалау жүргізілмейді.
Бағалаудың негізгі мақсаты – оқушыға баға қою ғана емес, оның оқу материалын қаншалықты меңгергенін анықтау, ілгерілеуін бақылау және одан әрі дамуына бағыт беру.