Бастау бизнес: 1-кезеңге жолдама алмағандар жыл соңына дейін қатысады

20 Сәуір 2021, 18:22
2059
Бөлісу:
Бастау бизнес: 1-кезеңге жолдама алмағандар жыл соңына дейін қатысады
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Бастау Бизнес» жобасының бірінші легіне қатысып үлгермегендер қарашаға дейін өтетін алты лекке қатысуына болады. Жалпы ел бойынша 30 мың квота бөлінген.

Сұраныстың жоғары болуына байланысты «Атамекен» ҰКП Үкіметке тағы 10 квота бөлу ұсынысын жасайды. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов айтты.

«Бастау Бизнесте» оқимын дегендерге айта кететін жайт. Қазір бірінші кезең ғана басталады. Биыл 30 мың адамды оқыту жоспарланған. Сұраныс жоғары. Сондықтан бұл бағдарламаға тапсырыс беріп отырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тағы 10 мың квотаға көбейту туралы «Атамекен» атынан ұсыныс жасаймыз. Тағы біз бір лекпен емес, алты лекпен – қарашаға дейін оқытамыз. Сол себепті оқимын деген бүкіл азаматтың бірінші болмаса, екінші не үшінші, не алтыншы кезеңге қатысуға мүмкіндігі бар, – деді ол.

Нариман Әбілшайықов жобаға қатысу үшін жолдама алуға келгендердің ұзын-сонар кезекке тұру себебін де түсіндірді.


Курсқа қатысқысы келетін адамдар көп болғандықтан, түрлі сұрақ туындап жатыр. Былтырдан бастап «Бастау Бизнеске» құжат қабылдау және курсты тәмамдау, оқу процесі – бәрі онлайн форматта өтіп жатыр. Бүкіл жұмыс www.Atameken.co онлайн-платформасында құрастырылған. Ол үшін Atameken Academy порталы жұмыс істейді. Оқимын деген әр адам порталға кіріп, өзінің жеке куәлігін және Жұмыспен қамту орталығы берген жолдаманы тіркеу керек. Қазір осы жолдамаға қатысты Қызылорда, Тараз қалаларында шу болып жатыр. Неге десеңіз, бұл жолдаманы жергілікті жұмыспен қамту орталықтары қағаз түрінде береді. Оны электронды форматта алу мүмкін емес. Сондықтан бүкіл мәселе сол жолдаманы алудан туындап отыр, - деп түсіндірді Нариман Әбілшайықов.

Сонымен қатар Басқарма төрағасының орынбасары халық арасындағы «жобаға өз таныстарын қатыстырады» деген қауесетке қатысты пікір білдірді.

Жолдаманы онлайн беру біздің құзыретімізде емес. Оны Жұмыспен қамту орталығы береді. Жұмыспен қамту орталығы азаматтың қандай категорияда екенін біледі, ал біз білмейміз. Біз тек жолдама алған азаматтарды оқытамыз. «Атамекен» тарапынан жасалатын әрекеттің бәрі онлайн өтеді. Яғни бұл жұмыста адами фактор жойылған. Егер азаматтардың арасында осыған ұқсас сұрақтар туындаса, Палатаның 1432 call-орталығына хабарласуына болады. Мұндай жағдайда бірден араласамыз. Әзірге ешкім осындай мәселе бар деп хабарласпады, - деп түйіндеді сөзін Басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы