Бастапқы жарна жоқ. Қолында ақшасы жоқтар да үй ала алады

16 Маусым 2023, 13:13
16188
Бөлісу:
Бастапқы жарна жоқ. Қолында ақшасы жоқтар да үй ала алады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов ОКҚ-да өткен брифингте тұрғындарды үймен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда 29 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Өңір бойынша қазір 52 тұрғын үй салынып жатыр. Биыл 10 тұрғын үй беріледі. Ал келесі жылы 32 тұрғын үй, - деді әкім.

Айтуынша, әкімдікке тұрғындардан кезек бойынша сұрақ, өтініш жиі түседі.

Келесі жылы аяқталған үйлердің ішінен 24 үйді кезекте тұрған азаматтарға арнайы береміз. Сонымен қатар өңірімізде «Отбасы банкімен» бірлесе отырып арнайы бағдарламалар да қабылданды. Оның негізгі мақсаты - несиемен үй алуға мүмкіндіктер беру, - деді Шәпкенов.

5 пайыздық мөлшерде «Атырау жастары» бағдарламасы қабылданды. Ол бойынша 18 млн теңге көлемінде несие ала алады. Бұл бағдарлама аясында 100-ге жуық жасты тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.

Оның ережесі:

- 35 жасқа дейін;

- 18 млн теңгеге дейін, ал аудандарда 13 млн теңгеге дейін;

- жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз;

- бастапқы жарна – 10 пайыз;

- қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін.

Сонымен қатар «Бақытты отбасы - Атырау» бағдарламасы қабылданды. Оның ерекшелігіне тоқталсам, бұл бағдарламада ең басты мәселе қолданыстағы үйді алуға рұқсат етілді және бастапқы жарна жоқ. Осы санатқа жататын категориямен ақылдаса отырып, олар қаражатын тиімді пайдалану мақсатында қолданыстағы үйлерден үй алуға мүмкіндік бердік. Сондай-ақ бастапқы жарнасын алып тастадық, - деп айтты ол.

«Бақытты отбасы – Атырау» бағдарламасы арқылы кезекте тұрған көпбалалы аналар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар үй ала алады.

Өзгелердің жаңалығы