Баспасөз хатшысы вакцинадан кейінгі жағдайы туралы айтты

9 Ақпан 2021, 12:26
2148
Бөлісу:
Баспасөз хатшысы вакцинадан кейінгі жағдайы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Дана Сүлейменова вакцина салдырғаннан кейінгі жағдайымен бөлісті.

1 ақпан күні Түркістанның қалалық емханасында вакцина салдырттым. Вакцинаны өз еркіммен алдым, «сал» деп ешкім қинаған жоқ. Басқа азаматтарға үлгі болу үшін алғашқылардың бірі болып екпе алдым, - дейді ол.

Баспасөз хатшысының сөзінше, вакцина – ол әлемдік практика. Себебі бүкіл дүниежүзінде коронавирусқа қарсы екпе салдыртып жатыр.

ДДСҰ-ның хабарлауынша, вакцинаның арқасында вирустың жұғу қарқыны төмендегені байқалып отыр. Осындай мәліметтерді ескере отырып, мен де вакцина салдырдым, - деп түсіндерді Дана Сүлейменова.

Осы орайда ол Түркістан облысындағы әріптестеріне, облыс халқына үлгі болғысы келгенін жеткізді.

Қазір жағдайым жақсы. Алдағы уақытта ата-анамның, айналамдағылардың өміріне қауіп төндірмеймін. Себебі мен вакцина алдым және менде антидене қалыптасты. Егер әр адам жауапкершілікті сезініп, вакцина салдыртса, онда ол жанындағыларға еш қауіп төндірмей, керісінше оларды қорғайтын болады. Өйткені вакцина дүниежүзінде қолданылып жатыр, - деп айтты әріптесіміз.

хатшы.jpeg


Оның айтуынша, кез келген ауыр дерттің алдын алу қажет. Сондықтан коронавирусты жеңу үшін вакцинаны салдыру маңызды. 

Елімізде азаматтардың арасында вакцина салдырудан қорқатындары бар. Оларды қорықпай вакцина салдыруға шақырамын. Себебі ол сіз бен біздің өмірімізді сақтап қалуға көмектеседі. Егер ақылға салып қарайтын болсақ,  адамдар вакцина салдырғаннан емес, коронавирус жұқтырып, қайтыс болып жатыр. Қаншама адам коронавирус індетімен күресіп жатыр, пневмониядан қайтыс болғандар бар. Сондықтан бұл көз жұмып қарайтын дүние емес. Бұл - болашақ ұрпақтың, ата-анамыздың денсаулығы. Яғни немқұрайлы қарамай, батылдық танытып, вакцина салдыру қажет. Дәрігерлерге сенім арту керек. Себебі олар вакцина салдыруды өздерінен бастап отыр, - деп айтты түркістандық.

Баспасөз хатшысының сөзінше, 1 ақпанда облысқа ресейлік Sputnik V вакцинасының 1500-дей дозасы келген. Қазіргі таңда Түркістан облысында 800-ден астам медицина қызметкері вакцина салдыртты. 

Вакцина салдырғаннан кейін ағзамда кері реакция байқалмады. Тек екінші күні аздап әлсіздік болды. Одан кейінгі күндері өзімді жақсы сезініп жүрмін. Ешқандай аурушаңдық байқалған жоқ. Енді вакцинаның екінші кезеңін 21 күннен кейін, яғни 22 ақпанда салдырамын, - деп түйіндеді әріптесіміз Дана Сүлейменова.


Өзгелердің жаңалығы