Баспана кезегіне тұру үшін енді бума-бума құжат көтермейсіз

9 Сәуір 2021, 20:50
4207
Бөлісу:
Баспана кезегіне тұру үшін енді бума-бума құжат көтермейсіз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Мәжілісінің «Экономикалық реформа және өңірлік даму» комитетінің отырысында еліміздегі маңызды мәселелердің бірі - тұрғын үй мәселесі талқыланды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Самат Мусабаев мәлімдеді.

Комитет отырысында баяндама жасаған «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Л. Ибрагимова банктің қызметіне тоқталып, алдағы жоба-жоспарларын таныстырды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қайта құрылымдалған «Отбасы Банк» ендігі уақытта Қазақстандағы тұрғын үй саясатын жүргізуші бірден бір Ұлттық Даму Институтына айналады. Қазақстандағы тұрғын үй саясатына реформа жасау туралы концепциямен біз өткен аптада танысқан едік. Алдағы уақытта бұл заң жобасы Мәжіліске келіп түседі. Алдын-ала танысқан кезімізде заңға енді енгізілетін өзгерістер халқымыздың тез әрі оңтайлы жолмен баспаналы болуына септігін тигізетінін көріп қуанып қалдық - деп жазды ол өз парақшасында.

Егер заң Парламентке түсіп, қаралып, қабылданса тұрғын үй алуға қатысты барлық процедуралар толығымен «Отбасы банкінің» құзырына өтеді. 

Атап айтар болсақ, енді үй алу үшін кезекке тұру, кезекке тұрғандар арасында үйді бөлу, мемлекеттен жалға пәтер алу, тұрғын үй сертификаттарын беру секілді қызметтер «Отбасы банкінің» базасында электронды форматта ашық, жариялы түрде өтеді. Бұл дегеніміз баспана кезегін алға жылжытудағы жемқорлық фактілерін болдырмау үшін қолға алынып отырған тетіктер. «Отбасы банкі» Қазақстанның электронды Үкіметімен тікелей байланысады, сол себепті заң қабылданған жағдайда азаматтардан басы артық құжат тасымалдау мен түрлі анықтамалар талап етілмейді - дейді депутат.

Қазіргі таңда халықтың зейнетақы қорындағы қаржысын пайдалануы осы банк арқылы жүріп жатқаны белгілі. 

Зейнетақы жинағын пайдаланған азаматтардың кестесіне қарап отырсақ, бірінші орында Маңғыстау облысы (15 419 азамат,158 025 млн. тг.) тұр. Алғашқы үштікте Алматы (13 585 азамат, 104 724 млн тг.) және Нұр-Сұлтан (16 108 азамат, 99 160 млн тг.) қалалары бар. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында да баса назар аударылған «Отбасы банкінің» қайта құрылымдалуы қазақстандықтардың лайықты өмір сүруіне жағдай туғызады деп сенемін - дейді Самат Мусабаев.
Өзгелердің жаңалығы