Бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Депутат елдегі тағы бір мәселені айтты

17 Ақпан 2021, 13:04
2679
Бөлісу:
Бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Депутат елдегі тағы бір мәселені айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы атынан депутат Дания Еспаева елдегі жеңіл өнеркәсіптің проблемасын көтерді.

«Ақ жол» фракциясына Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы өтініш жолдады. Соңғы 5 жылда саладағы кәсіпорындардың 40%-дан астамы өз қызметін тоқтатқан. Жұмыс істеп жатқандарының саны 25 мыңнан 13 мыңға дейін қысқарыпты. Кеңес заманында Қазақстанда бұл салада жұмыспен қамту 203 мыңға дейін жеткен болатын. Мұндай жағдай бұрынғы Одақтың экономикалық байланыстарының үзілуі мен шикізат базасының болмауынан басқа, осы саланы дамытуға қатысты мемлекеттік стратегияның болмауы себебінен қалыптасқаны анық, - дейді Дания Еспаева.

Ол осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау үшін қандай ұсыныстар жасайтынын айтты.

Мәселен, 2015 жылы қауымдастық қазақстандық тауарларды ішкі нарықта алға жылжыту бойынша «Қазбренд» бағдарламасын әзірледі. Ол әлі күнге дейін іске асырылмаған. Саладағы кәсіпорындарға өнімді тек қана өндіруде емес, сондай-ақ оны ішкі және сыртқы нарықтарда өткізуде көмек қажет. Бүгін біздің нарығымызды Түркиядан, Беларусьтен, Ресейден, Қытайдан келген тауарлар толтырып жіберген, - дейді депутат.

Оның айтуынша, Түркия Үкіметі өз тауарларын алға жылжыту үшін дүкендерді жалға алуды және франчайзинг желісін құруды субсидиялайды. Инвестицияларды және жабдыққа жұмсалатын шығыстарды өтейді, елде өндірілмейтін шикізатқа импорттық баждарды алып тастаған. Осыған ұқсас шараларды Ресей мен Беларусь те ішінара қолданады.

Мысалы, Беларусьте сауда желісінің сөрелік кеңістігінің кемінде 30%-ы отандық тауарларға беріледі. Ресейде осы үлесті 40%-ға дейін арттыру туралы ұсыныстар қаралып жатыр. Сонымен қатар, Ресейде осы тауарлардың өзіндік өндірісі болған жағдайда компаниялар мен мемлекеттік корпорацияларға мемлекет мұқтажы үшін жеңіл өнеркәсіптің импорттық тауарларын сатып алуға тыйым салынған.

Ал Қазақстанда сауда орталықтарын жалға алу ақысының жоғары болуынан отандық тауарлар барлық сауда желілерінде нашар ұсынылған. Бұл бұйымдардың түпкілікті құнын 30-50%-ға арттырады. Соның нәтижесінде тауарлар көрші елдердің осыған ұқсас тауарларымен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз болып қалады, - дейді мәжілісмен.

«Ақ жол» фракциясы осы мәселеге байланысты Үкімет басшысына мынандай ұсыныс жолдады:

1) отандық тауарларды маркетингтік алға жылжыту және жалға алу ақысы бойынша шығындардың бір бөлігін өтеуді;

2) кейіннен 30%-ға дейін жеткізе отырып, сауда желілерінің сөрелерінде отандық өндірілген жеңіл өнеркәсіп тауарларының кемінде 10%-ының болуын қамтамасыз етуді;

3) Ресей заңнамасына ұқсас мемлекеттік сатып алу шеңберінде Қазақстанда осы тауарлардың өндірісі болған кезде Қазақстанда шығарылған тауарлардың ең аз үлесін белгілеуді;

4) Қазақстанда өндірілмейтін шикізат пен жиынтықтауыштарды кедендік баждардан босатуды:

5) жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін 3% мөлшерінде қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемесін белгілеуді сұрайды.


Өзгелердің жаңалығы