Бас мүфти Швецияда Құранды өртеген адамның әрекетіне қатысты пікір білдірді

26 Қаңтар 2023, 12:44
1553
Бөлісу:
Бас мүфти Швецияда Құранды өртеген адамның әрекетіне қатысты пікір білдірді

Швецияда Құран кітапты өртеген адамның әрекетіне қатысты ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол бұл туралы 100-ден астам мұсылман елдерінің мүфтилері мен ғалымдары бас қосқан халықаралық онлайн конференцияда айтқан.

Расында, кім Құранды құрметтесе, Аллаға құрмет көрсеткен болып саналады. Ал Құранды кемсіткен адамның әрекеті - Алланы кемсіткенмен тең. Демек Құранды қорлаған адамды Құдайдың өзі қорлайды. Оны Алланың әділ үкіміне тапсырамыз. Менің ойымша, ол осы өрескел әрекетімен өзінің адамға тән болмысын қорлады, - деді Бас мүфти.

ҚМДБ басшысының айтуынша, Құранды өртеу шектен шығудың ең үлкені және бұл әрекет бүкіл әлемге бүлік салып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар Халықаралық онлайн конференцияға қатысып отырған Түркия, Пәкістан, Малайзия, Палестина елдерінің дін ғұламалары мен бірқатар ұйымның басшылары қасиетті Құранды өртеу ісін қатаң айыптап, сынға алды.

Швецияның астанасы Стокгольмде Түркия елшілігінің алдында «Қатаң бағыт» партиясының жетекшісі, саясаткер Расмус Полудан акция өткізіп, Құранның көшірмесін өртеп жіберген еді.

Өзгелердің жаңалығы