"Барып тұрған бассыздық". Депутат Үшқоңыр тауын меншіктеп алғандар туралы айтты

17 Қаңтар 2024, 12:35
1362
Бөлісу:
"Барып тұрған бассыздық". Депутат Үшқоңыр тауын меншіктеп алғандар туралы айтты
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында тауды жекеменшіге айналдырып алғандар жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат тауды жекеменшігіне айналдырып алғандар жайлы мәлімет айтты.

Үшқоңыр деген таудың барын бәріңіз білесіздер. Талайлардың кіндік қаны тамып, тірлігіне арқау болған сол тау бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен түгел бір азаматтардың ғана меншігінде. Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруланған топ күзетеді. Жол жоқ емес, бар. Бірақ жабық, - деді ол.

Мақсат Толықбай жағдайды өз көзімен көргеннен кейін осы сауалды жолдап отырғанын айтты.

Үшқоңыр Іле Алатау паркіне қарайтындықтан, ол аумақты ұлттық парктің күзетшілері күзетуі керек емес пе? Әлде бұл тау «ДүниеАгро» компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым қашықта орналасқан резиденцияның аумағы ғана қоршалып, шлагбаум қойылса тағы бір сәрі... Ал жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау - барып тұрған бассыздық, - деді мәжілісмен.

Оның сөзіне қарағанда, Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне өз малдарын жая алмай, пұшайман күйде отыр.

Біз AMANAT партиясы жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 миллион гектардан астам жер қайтарсақ, ал оның осы аймақтан 1400 гектары ел игіліне берілді. Сөйтсек, онымыз бекер екен, «аманаттық» ағайын! Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр. Анығы, «ДүниеАгро» ЖШС-не 2004 жылы «Үшқоңыр» үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген. Өйткені,заң талаптары бойынша, (23-бап, 50-бап, 8 және 43-бап) арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сорақысы да сол болып тұр, - деп түсіндірді ол.

Бұдан басқа, «Үшқоңыр» үстіртінде «Steppe AgroMeat», «Breeding Company» сияқты екі-үш компания 13 597 га жерді әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталған.

Шұғыл қайтару керек! Алайда алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей, тағы да дәрмені құри ма деген күдік те жоқ емес, - деді Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай.

Мәжілісмен Алматы облысының Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға Бас прокуратура мен Үкіметке шұғыл назар аударуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы