Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр елордада өткен Қазақстан-герман бизнес форумында осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Қазақстан экономиканың таза, инновациялық және диверсификациялық үлгісін сенімді ұстанып отыр.
Инвесторларды кешенді қолдау негізгі ұлттық басымдылық ретінде айқындалған. Әр инвесторды жеке қолдау мен cүйемелдеу қағидаты енгізілген. Мемлекет басшысының қатысуымен шетелдік инвесторлар кеңесі, Премьер-министрдің жанынан – инвестициялық штаб құрылған. Премьер-министр сонымен қатар инвестициялық омбудсмен болып саналады. Елімізде Орталық Азиядағы жалғыз халықаралық қаржы орталығы – «Астана» құрылды. Оның өз тәуелсіз соты, халықаралық арбитраж орталығы бар. Қаржы орталығының қатысушылары үшін 50 жасқа дейін салық жеңілдігі қарастырылған, валюталық, визалық және еңбек режімі жеңілдетілген, - деп атап өтті Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ ол еліміздің бүкіл өңірінде экономиканың басым салаларында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтары құрылғанын айтты.
Медициналық білім мен ғылым саласында үздік тәжірибе орталығы бар. Нанотехнология, кәсіпкерлік пен инновациялық экономиканы дамыту саласында көптеген технологиялық парктеріміз жұмыс істеп тұр. Ел аумағынан Еуропа мен Азияны жалғайтын халықаралық көлік қатынасы өтеді. Мен атағандар елдегі инвестахуал мен бизнес-ахуалды жақсарту бойынша институционалдық реформалардың бір бөлігі ғана. Алдымызда әлі білек сыбанып кірісер жұмыс көп, – деді Роман Скляр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сыртқы істер вице-министрі Алмас Айдаров елге 45-ке жуық компания келуге ниетті екендігін айтқан болатын.
Айта кетерлігі, Германия – Қазақстанның ЕО-дағы әлеуетті әріптестерінің бірі. Екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетіп, өзара инвестицияны қорғауға бағытталған үкіметаралық келісімдер бар.
Былтырдың өзінде Қазақстан-Германия арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд долларды құраған. 2005 жылдан бері Германиядан еліміздің экономикасына жасалған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 5,3 млрд долларға жеткен. Олардың басым көпшілігі өнеркәсіп саласына бағытталған. Алда 2 млрд доллардан астам сомаға іске асырылуы тиіс 9 жоба күтіп тұр.