Бақытжан Бұқарбай: ҚҚС-дан босату – баспа саласының дамуына серпін береді

15 Сәуір 2025, 12:59
865
Бөлісу:
Бақытжан Бұқарбай: ҚҚС-дан босату – баспа саласының дамуына серпін береді
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Баспагерлер қосымша құн салығынан (ҚҚС) босатылатын болды. Осы бастаманы көтеріп, үкімет мінберіне жеткізген AmalBooks баспасының негізін қалаушы, баспагер Бақытжан Бұқарбаймен Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасты.

- Бұл бастаманы көтерген өзіңізсіз. Ұсынысыңыз үкімет тарапынан қалай қолдау тапты?

– 20 ақпанда Үкімет Парламентке заң жобасын енгізіп, ҚҚС бойынша міндетті тіркеуге қоюдың шекті мөлшерін 20 000 АЕК-тен (78,6 миллион теңге) 3 800 АЕК-ке (15 миллион теңге) дейін төмендетуді ұсынғанда, мен сол күні-ақ дереу жиырмадан астам Мәжіліс депутатына жеке хабарласып, бұл түзетулерді қабылдасаңыз, елдегі өзіміз жаңадан әрең қалыптастыра алған баспа ісі қанаты қатаймай жатып біржола өлетінін айттым. 

Сөйтіп бұл саланың математикасы мен бизнес-моделін оларға түгел түсіндіріп, ҚҚС шегін төмендету және оның баспа бизнесіне әсері туралы бүкіл ақпаратты дайындап бердім.

– Депутаттардың бұл мәселеге көзқарасы қандай болды?

– Мен осы мәселені айтып, мәселені көтеріп шыққанда депутаттың барлығы сөзімді қолдап, біз үшін күресетінін айтты. Кейбірі "Хабарласқаның жақсы болды, біз бұл саланы білмейміз, әркімнің бір комиссия шеңберінде өз шаруаларымен басы қатып жүреді" деген еді.

– Бұл шешімнен кейін қандай өзгерістер болады деп ойлайсыз?

– Құдай қаласа, бұл шешімнен кейін елімізде баспа ісі алдағы он жылда қарқынды дамиды!

– Көрші елдермен салыстырғанда бізде бұл процесс кеш қабылданған жоқ па?

– Жақында ғана қырғыз әріптесімнен көрші елде баспагерлер ҚҚС-тен босатылғанын естіп таң қалған едім. Енді біз де сол күнге жетеміз. Бұл біздің баспа саласының дамуына үлкен мүмкіндіктер ашады. Ұзағынан сүйіндірсін!

– Қазақстандағы баспа нарығында кездесетін қиындықтар мен мәселелер қандай?

– Әр саланың өзіндік қиындығы болады. Ол біздің салада да кездеседі. АҚШ президенті Дональд Трамптың мынандай бір сөзі бар: "Егер сіздің қиындықтарыңыз болмаса, онда сізде бизнес жоқ" деген. Сол секілді бізде баспа саласында негізгі екі мәселе бар. Біріншісі – кадр тапшылығы, екіншісі – қаржы мәселесі. Кадр тапшылығы жайлы айтар болсақ, жақсы жазатын маман, қате тексеретін корректор және т.б. маман иелерінің тапшылығы сезіледі. Ал қаржы мәселесі қай салада болмасын кездеседі деген ойдамын. Кітаптарды шығаруға, өңдеуге, басуға барлығына қаржы қажет.

– Кітаптарды басып шығару процесі қанша уақытқа созылады?

– Баспа ісінде дайын шаблон жоқ. Бір қалыпқа салып, сол бойынша шығару қажет деген қағида жоқ. Бір кітап 3 айдың ішінде тез шығады, енді бірінде 5 жыл жүрген кезіміз болды. Сондықтан ол кітаптың міндеті, қиындығы, шығару барысында қандай тапсырмалар орындалуы керек, қандай мәселе шешілуі керек – оның барлығы көптеген факторға байланысты. Бір жағынан техникалық қиындықтар болады. Қиындықтар болмаса, жаңа нәрсе дүниеге келмейді. Екіншіден, қиындық деп те айтқым келмейді. Бұл саланы өзіміз таңдадық, ешкім бізге мәжбүрлеп айналыс деген жоқ. Сондықтан қиындыққа төзетін сабырымыз бар деп айта аламын.

– Оқырмандардың көпшілігі бүгінде психологиялық, мотивациялық кітаптарға қызығушылық танытып, оқып жатқанын байқаймыз. Сіздер де осы бағытта жұмыс істеп жатырсыздар ма?

– Психология жайлы кітаптарды шығарумен айналыспаймыз. Егер осы бағытта жазылған шығарма болса, бізге жүгінуге болады. Кәсіби қызмет алу үшін. Біз басуға дейінгі қызметтерді көрсетеміз және басу қызметтерін көрсетеміз. AmalBooks баспамызды алатын болсақ, өзіміз қаржыландыратын кітаптар 3 бағыт бойынша шығады: нон-фикшн, іскерлік әдебиет және тарих бағытында.

– Балалар әдебиеті бағытында шығармалар шығару ойларыңызда бар ма?

– Ойымызда жоқ.

– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

– "Таза тарих" сериясы аясында тарихи дереккөздерге негізделген 20-ға жуық кітап жарық көрді. Бұл шығармалардың барлығы тарихымыздан сыр шертетін тың деректер. Көбісі бұрын-соңды жарияланбаған. Біздің тарихымызды тереңірек, дұрысырақ түсінуге көмектесетін кітаптар. Екінші сериямыз – "Амал дәптері" сериясы. Алғашқы басылым былтыр жарық көрді. Бұл серия аясында "Заманмен санасқан 30 әкенің хикаясы" атты кітапты шығардық. Бұл туындыны 1 жыл жаздық. Біздің баспамызды өз кітаптарымызды өзіміз жазып шығару ерекшелейді. Алдағы уақытта "Амал дәптері" сериясы аясында 12 кітап шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Екіншісі "Саяхат" тақырыбына арналған, жуырда жарық көреді. Бұл жинақта 30 хикая жазылады.

Сондай-ақ биыл тағы бір серияны қостық. Ол "Стоик сөресі" деп аталады. Осы бағытта Марк Аврелийдің "Өзіңмен әңгіме" атты алғашқы кітабымыз жарық көрді. Алдағы уақытта осы серияға келетін еңбектердің тізімін айқындаймыз. Біздің жоспарымыз осы. Сонымен қатар, бізге тапсырыстар түседі. Сол тапсырыстар аясында кітаптар шығарамыз.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы