«Бақытты отбасы». Заем сомасына шектеу қойылмайды

27 Қыркүйек 2022, 16:13
1408
Бөлісу:
«Бақытты отбасы». Заем сомасына шектеу қойылмайды

Отбасы Банк «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қатысушылардың тізімін құрды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іріктеудің негізгі критерийлері – қатысушылардың жергілікті әкімдікте кезекке тұру күні мен санаты болды. Жақын арада бағдарлама қатысушыларының барлығы otbasybank.kz порталындағы жеке кабинеттерінде байқау нәтижелері бойынша өз мәртебелерін көретін болады. 

Қазақстандық отбасыларды жеңілдетілген шарттармен несиелендіруге биыл республикалық бюджеттен 51 млрд теңге бөлінді. Аталмыш қаражат Отбасы банкіне түсті. Бұл қаражат аясында 5000 жуық отбасы несиелендірілетін болады. 

ҚР Үкіметі қабылдаған, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды 2026 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасының қаулысына сәйкес, бағдарламаға бірқатар оң өзгерістер енгізілді. 

Енді «Бақытты отбасы» бағдарламасына көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен қатар, «жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар» сондай-ақ «I және II топтағы мүгедектер» санаттары бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстанлықтар қатыса алады. Жаңа қосылған санаттар бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушалар өз өтініштерін жаңа байқау жарияланған уақытта жолдай алады.   

Тағы бір жағымды жаңалық – «Бақытты отбасы» бағдарламасында табысқа шектеу қойылмайды. Бұған дейін отбасы мүшелерінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен, яғни 115 905 теңгеден аспауы керек деген талап бар болатын. Мысалы, көпбалалы отбасы отағасының жалақысы белгіленген нормадан 200 теңгеге асып кетсе, бұл отбасы қолжетімді несиеге қол жеткізе алмайтын, яғни олардың баспана мәселесі шешілмейтін.

Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» бағдарламасы қатысушыларды несиенің максималды сомасымен шектемейтін болады. Осыған дейін аймаққа байланысты ол 10 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін ғана болатын. Енді несие сомасы пәтер құнына негізделетін болады және тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасынан қалыптасады.  

Қабылданған Тұжырымдамаға сәйкес таза әрлеудегі тұрғын үйдің 1 ш.м. үшін келесідей баға параметрлері белгіленген: 

Астана, Алматы қалаларында және олардың маңайындағы аудандарда 290 мың теңгеге дейін;

Атырау және Маңғыстау облыстарында 240 мың теңгеге дейін;

Шымкент қаласында, Қостанай, Түркістан, Қарағанды ​​және Ұлытау облыстарында 220 мың теңгеге дейін;

Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында 200 мың теңгеге дейін;

Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Жетісу облыстарында 180 мың теңгеге дейін.

Әлеуметтік тұрғын үй 3-4 жайлылық класына сәйкес келетін және пәтердің ең үлкен ауданы 80 шаршы метрден аспайтын болады.

Жылжымайтын мүлік қарыз алушы тұрғын үй кезегінде тұрған аймақтан сатып алынуы тиіс.

Тағы бір маңызды ақпарат, енді «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктер арқылы салынған әлеуметтік несиелік тұрғын үйлерді ғана сатып алу мүмкіндігі бар. Оларды otbasybank.kz порталынан таңдауға болады (тиісті нысандар платформада жақын арада пайда болады). Тұрғын үйді таңдауға немесе өңірде үйдің қолданысқа берілуін күтуге (егер өтініш берген уақытта порталда сатып алуға шығарылған баспана болмаса) бағдарлама қатысушысына 2023 жылдың ақпан айының соңына дейін уақыт беріледі. Осы уақытқа дейін қатысушының өтініші сақталады. 

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пайыздық мөлшерлеме өзгеріссіз, жылдық 2% мөлшерінде қалады, ең төменгі бастапқы жарна – 10%. Несиенің максималды мерзімі – 20 жылға дейін. Несие алу үшін бағдарламаға қатысушылар төлем қабілеттілігін растаулары қажет. 

«Бақытты отбасы» бағдарламасы жүзеге асырылған үш жыл ішінде 14 700 қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлады.

Тұжырымдамаға сәйкес елімізде жеңілдетілген несиелік тұрғын үй бағдарламалары «2-10-20» («Бақытты отбасы» бағдарламасы) және «5-10-20» («Шаңырақ» бағдарламасы) аясында жүзеге асырылатын болады.

«5-10-20» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктерде баспана кезегінде тұрған азаматтардың барлық санаттары пәтер ала алады. Табыс бойынша шектеулер болмайды. Бастысы бағдарламаға қатысушылар төлем қабілеттілігін растаулары қажет. Бағдарлама бойынша жергілікті әкімдіктер арқылы салынған әлеуметтік несиелік тұрғын үйлерді ғана сатып алуға болады.

Өзгелердің жаңалығы