Бақыт Сұлтанов Еуразиялық экономикалық комиссия Коллегиясының мүшелігіне тағайындалды

7 Қазан 2022, 17:35
937
Бөлісу:
Бақыт Сұлтанов Еуразиялық экономикалық комиссия Коллегиясының мүшелігіне тағайындалды

Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімі бойынша Бақыт Сұлтанов Еуразиялық экономикалық комиссия Коллегиясының мүшелігіне тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ ұйым сайтына сілтеме жасап.

Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің 6 қазандағы шешімі бойынша Бақыт Сұлтанов Қазақстан Республикасынан Еуразиялық экономикалық комиссия Коллегиясының жаңа мүшесі (Министрі) болып тағайындалды. Оның құзыретіне Еуразиялық экономикалық одақтың трансшекаралық нарықтарындағы бәсекелестік және антимонополиялық реттеу мәселелері кіреді.

Бақыт Сұлтанов 1971 жылы 29 қарашада Алматы қаласында туған.

1994 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Робототехникалық кешендер және жүйелер» мамандығы бойынша, 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Бизнес және менеджмент» мамандығы бойынша бітірді.

1994 жылы ҚР Қаржы министрлігі Қаржы нарығының бағалы қағаздар басқармасының акционерлеу және лицензиялау бөліміне жетекші маман болып жұмысқа тұрды. Қаржы министрлігінде бөлім бастығы (1995), басқарма бастығының орынбасары (1996), Бюджет департаменті директорының орынбасары (1997), Мемлекеттік сатып алу жөніндегі департамент директоры (1998), Қазынашылық департаменті директорының орынбасары (1999), Бюджет департаменті директорының орынбасары (2001), Мемлекеттік бюджет департаментінің директоры (2002) қызметін атқарды.

2002-2003 жылдары – ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бюджеттік саясат және жоспарлау департаментінің директоры;

2003-2006 жылдары – ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің вице-министрі;

2006-2007 жылдары – ҚР Статистика агенттігінің төрағасы;

2007 жылғы қаңтар-тамыз – ҚР Қаржы вице-министрі;

2007 жылғы тамыздан бастап – ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі;

2010 жылғы наурыздан бастап – ҚР Президентінің көмекшісі;

2012 жылғы қаңтардан бастап – ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары;

2013-2014 жылдары – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі;

2014-2018 жылдары – ҚР Қаржы министрі;

2018-2019 жылдары – Астана қаласының әкімі;

2019-2022 жылдары – ҚР Сауда және интеграция министрі болды.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

Еске салсақ, 15 тамыз күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі лауазымынан босатылған болатын.

Өзгелердің жаңалығы