Бәпи: Ел ішіне іріткі салған жат діни ағымды санадан да, ауыл-қаладан да қуып шығуға міндеттіміз

11 Қазан 2023, 13:08
745
Бөлісу:
Бәпи: Ел ішіне іріткі салған жат діни ағымды санадан да, ауыл-қаладан да қуып шығуға міндеттіміз
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бәпи жат ағымдарға қатысты бастаманы тағы да көтеріп, теріс ағымды ауылдан да, қаладан қуып шығу керек екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз мемлекетіміздің ұлттық тұтастығы мен халқымыздың дәстүрлі дінін, ұрпағымыздың болашағын қатерге байлап бере алмаймыз. Ұлттық қадір-қасиетімізді сақтаймыз десек, елдің ішіне іріткі салған жат діни ағымды ақыл-санадан да, ауыл-қаладан да қуып шығуға міндеттіміз. Бірақ депутаттар қаққан дабылды «бұлар ислам дініне қарсы шықты» деп әлдекімдер әлеуметтік желіде өңін айналдырып, дабыра салып жүр. Ескерте кетейін, жалпы исламға және елдегі исламның Ханафи мазһабына қарсы емеспіз. Біз дәстүрлі дінге бүйі тигендей болған салафизм, уахабизм идеясына қарсымыз. Қазақ халқының ежелден өмір сүру және тұрмысы мен салт-дәстүріне жат идеологиялық ағымға қарсы Үкімет жағынан жасалған концепциялық бағдарламалар бар ма?, - деді Ермұрат Бәпи.

Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова осы мәселе Үкіметте қаралып жатқанын айтты.

2011 жылы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң қабылданған. Сол заңды орындау үшін кейінгі 5 жылда үш концептуалды құжат қолға алынды. Қазір өзіңіз көтерген тақырып үлкен проблемаға айналып отыр. Тамыз айынан бастап осы мәселемен айналысып жатырмын. Біраз теологтарды, діни бірлестіктердің өкілдерін шақырып, пікір алмастық. Олардың пікірлері де депутаттар көтерген мәселемен сәйкес келіп тұр. Сіздердің ұсыныстарыңызды олар да қолдап отыр, - деді Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Вице-премьер әлеуметтік желілердегі түрлі ағымдарды насихаттайтын контентке толық тосқауыл қою мүмкін болмай тұрғанын да тілге тиек етті.

Көп мәселені заңды түрде реттеуіміз керек. Сондықтан депутаттардың ұсыныстарын қолдай отырып, заңға өзгеріс енгізу қажет», - деді Дүйсенова.

Өзгелердің жаңалығы