Мәжіліс кулуарында Мәдина Әбілқасымова 2025 жылғы қаржы нарығындағы өзгерістерге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, кепілсіз тұтынушылық несиелерге қойылған талаптардың қатаңдауы халықтың балама қаржы ұйымдарына жүгінуіне әсер еткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер келтірген дерекке сәйкес, 2025 жылы ломбардтар арқылы берілетін займ көлемі шамамен 34 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш банктерден несие алу қиындаған кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр.
Агенттік төрағасы мұндай үрдісті растады.
Кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша талаптар күшейгеннен кейін, халықтың бір бөлігі ломбардтарға көбірек жүгініп жатыр. Ол жерде кепіл ретінде зергерлік бұйым немесе басқа да мүлік қойып, несие алуға болады, – деді ол.
Оның айтуынша, ломбардтар мен банктер арасындағы негізгі айырмашылық тәуекелді бағалау тәсілінде.
Ломбардтарда негізгі бағалау кепіл мүлкіне байланысты жүргізіледі. Егер қарыз уақытында өтелмесе, міндеттеме сол кепіл арқылы жабылады. Сондықтан мұнда қарыз алушының жалпы кредиттік жүктемесіне әсері банктік несиеден өзгеше, – деді Мәдина Әбілқасымова.
Сол себепті, реттеуші органның пікірінше, ломбард қызметін қатаңдату банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарағанда жеңілірек режимде жүзеге асырылады. Дегенмен, нарықтағы тәртіп пен тұтынушылар құқығы бақылауда қалады.
Біз ең алдымен бұл секторда талаптар айналып өтілмей ме деген мәселеге назар аударамыз. Мысалы, несиенің мерзімі 90 күннен аспауы керек, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі сақталуы тиіс. Сонымен қатар, тұтынушыларды қорғау нормалары бар, – деді агенттік басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі реттеу тәсілі пропорционалды сипатта, яғни ломбардтар үшін жеңілдетілген режим сақталғанымен, негізгі бақылау тетіктері жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар, агенттік ломбардтар санының өсуі бойынша ресми статистика бар екенін және бұл бағытта қосымша талдау жүргізілетінін хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Әбілқасымова “кредитімді жаппай тыныштық таппаймын” деген болатын.