Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы рәсіміне қызығушылық артып келеді. Алайда азаматтардың көбі рәсім талаптарын толық түсінбегендіктен, өтініш беру кезінде түрлі қателіктерге жол береді. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Аят Сейдегазиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мемлекеттік кірістер органдары банкроттық рәсімдерін түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Мемлекеттік кірістер департаменті және аудандық мемлекеттік кірістер басқармалары соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін қолдану бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек, баспасөз хабарламалары жарияланып, түрлі материалдар жарық көреді, түсіндіру кездесулері ұйымдастырылады, – деді басқарма басшысы.
Соған қарамастан, азаматтар рәсім талаптарын толық меңгермегендіктен, өтініштерді қате тапсырып жатады. Аят Сейдегазиевтің сөзінше, ең жиі кездесетін мәселенің бірі – борышты өтеу мерзіміне қатысты талаптарды сақтамау.
Негізгі проблемалардың бірі – азаматтардың рәсімдерді қолдану тәртібін толық түсінбеуі. Көп жағдайда талаптар бұзылады. Мысалы, банкроттықтың негізгі критерийлерінің бірі – қарыздың қатарынан 12 ай бойы өтелмеуі. Алайда көптеген азамат осы мерзім өтпей тұрып-ақ өтініш беруге асығады, – деді ол.
Сондай-ақ азаматтар мүлікті тіркеуге қатысты талаптарды да жиі ескермейді.
Тағы бір маңызды мәселе – азаматтардың атына тіркелген мүліктің болуы. Қазіргі таңда негізгі қиындықтар осы екі фактормен байланысты. Азаматтар рәсімдердің талаптарын ғана емес, оның салдарын да толық түсіне бермейді, – деп атап өтті Аят Сейдегазиев.
Банкрот болған адамға қандай шектеулер қойылады?
Маманның айтуынша, банкрот деп танылған азамат қарыз міндеттемелерінен босатылғанымен, белгілі бір шектеулерге тап болады.
Борышкер банкрот деп танылғаннан кейін белгілі бір құқықтық салдарлар туындайды. Біріншіден, ол жеті жыл бойы қайтадан банкроттық рәсіміне жүгіне алмайды, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, банкрот болған азаматтарға несие алу мәселесінде де шектеу қойылады.
Бес жыл бойы азаматтың банктерден несие немесе микроқаржы ұйымдарынан қарыз алу мүмкіндігі болмайды, – деді ол.
Сонымен қатар үш жыл бойы қаржылық мониторинг жүргізіледі.
Қаржылық мониторингті Мемлекеттік кірістер департаменті және кредиторлар жүргізеді. Егер банкрот деп танылғаннан кейінгі үш жыл ішінде азаматтың атына жер учаскесі, көлік немесе басқа да мүлік тіркелгені анықталса, бұл ақпарат кредиторларға жолданады. Мұндай жағдайлар кейіннен банкроттық рәсімін қайта қарауға немесе оның күшін жоюға негіз болуы мүмкін, – деп түсіндірді Аят Сейдегазиев.
Осылайша, маман банкроттық рәсіміне жүгінер алдында азаматтарға барлық талаптар мен оның салдарын мұқият зерделеуге кеңес береді. Себебі рәсім қарыздан құтылуға мүмкіндік бергенімен, кейінгі бірнеше жылға созылатын құқықтық және қаржылық шектеулерді де қатар жүктейді.
Бұған дейін 400 мыңға жуық қазақстандық банкрот болғысы келетіні хабарланған еді. Өтініштердің бір бөлігі заң талаптарының сақталмауына байланысты кері қайтарылған.
Тағы оқи отырыңыз: