Ердоған Тоқаевқа қоңырау шалып, маңызды ұсыныс айтты

Түркия Президенті Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Екі ел көшбасшылары алдағы халықаралық кездесулерді де талқылады.

 Ақорданың баспасөз қызметі 27 Тамыз 2026, 19:39
27 Тамыз 2026, 19:39
231
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Түркия Президентімен телефон арқылы сөйлесті. Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы табысты өтуімен құттықтады.

Ақорданың баспасөз қызметі мәлім еткендей, Түркия Президенті аталған тарихи уақиға еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендеуіне септігін тигізеді деп санайды. Бұл ретте ол парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жылы лебіз білдіргені, сондай-ақ халықаралық ұйымдар құрамындағы түркиялық байқаушылар миссиясының белсенділігі үшін Түрік көшбасшысына алғыс айтты, - делінген Ақорданың хабарламасында.

Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар озық, заманауи әрі әділетті Қазақстан құруға бағытталғанына назар аударды.

Әңгімелесу барысында мызғымас достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың даму қарқынына оң баға берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентінің биыл мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызына тоқталды.

Тараптар алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның биыл Түркияда өтетін жоғары деңгейдегі бірқатар кездесуге шақыруын ықыласпен қабыл алды.

Наверх