Балқашта қалаішілік жолдардың жағдайы туристердің наразылығын тудырды

13 Шілде 2023, 18:05
791
Бөлісу:
Балқашта қалаішілік жолдардың жағдайы туристердің наразылығын тудырды
PHOTO
Фото: екараганда сайты

Елімізде туристік аймақ ретінде танымал Балқаш қаласының автокөлік жолдарының жағдайы нашар. Қаланың шұрық-тесік жолдары қала тұрғындарының ғана емес, туристердің де наразылығын тудырды, деп хабарлайды Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Балқаш қаласы Қарағандыдан 360 шақырым қашықтықта Балқаш көлінің жағалауында орналасқан. Қала халқы 80 мыңға жуық. Балқаштықтардың көпшілігі қала іргесіндегі тау-металлургия комбинатында жұмыс істейді. Сондай-ақ, Балқаш туристік аймақ ретінде танымал. Қалаға туристер мен қонақтар көп келеді. Тек өткен демалыс күндері қалаға 20 мыңнан астам турист келген. Алайда, саяхатшылар ағына жоғары қаланың жолдары сын көтермейді. Әбден ескірген жолдар күрделі жөндеуді қажет етеді.

Биыл Балқаштың қалаішілік жолдары мүлдем көлік жүргісіз болып қалыпты. Барлық көшелеріндегі автокөлік жолдары шұрық-тесік деуге болады. Жаз басталғалы Балқашқа 2 рет келдік. Алайда жөнделіп жатқан жолдарды көрмедік. Қала ішінде тіпті жүру мүмкін емес. Еліміздің танымал туристік аймағында жолдың жағдайы бұлай болғаны өкінішті, - дейді алматылық турист Сандуғаш Жарасова.

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев қала жолдарының жағдайы не себепті нашарлағанын, жөндеу жұмыстары қашан басталатындығын айтты.

Балқашта қалаішілік жолдардың жағдайы туристердің наразылығын тудырды

Менің де жолдардың жағдайына көңілім толмайды. Алайда, қала тұрғындары мен қонақтарын түсіністік танытып, шыдамды болуға шақырамын. Себебі біздің қаланың су жүйесі тозығы жетіп, ескірген. 2022 жылы осы су құбырларын ауыстыру бойынша ауқымды жоба қолға алынған болатын. Жаңартылатын құбырлардың 80 пайызы жолдардың астымен өтеді. Сондықтан да, біз алдымен су құбырларын жөндеуге баса назар аударудамыз. Содан кейін жолдарыды асфальттау мен көшелерді аббаттандыруға көшеміз, - дейді қала басшысы.

Оның айтуынша, Балқашта 124 шақырым магистралді су құбырлар жүйесін жаңарту жоспарлануда.

Осы себепті жолдарды жөндеу жұмыстары кейінге қалдырылып отыр.

Биыл Ағыбай батыр және Әлімжанов көшелеріндегі жолдарда орташа жөндеу жұмыстары жасалады. Басқа көшелерде алдымен су құбырлары жаңартылып, содан кейін ғана жолдар жөнделеді, - деді С.Сатаев.

Өзгелердің жаңалығы