Балқаш көлінің жағалауында жыл бойы жұмыс істейтін алғашқы премиум санаттағы туристік кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Әңгіме «Балқаш» өңірлік индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан «Premium Villas Balkhash» жобасы туралы болып отыр.
Индустриялық аймақ аумағында ауданы 4 гектар болатын, құны 1,7 млрд теңгені құрайтын “Premium Villas Balkhash” демалыс аймағының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар екі заманауи қонақүйдің құрылысы басталды, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Үкімет отырысында.
Жобаның жалпы құны – 1,7 млрд теңге. Туристік кешен шамамен 4 гектар аумақты алып жатыр. Сонымен бірге демалыс аймағында тағы екі заманауи қонақүйдің құрылысы басталған.
Балқаштың курорттық бағыт ретінде дамуы туралы Қарағанды облысының әкімі Үкіметтің жазғы туристік маусымға дайындық мәселесіне арналған отырысында баяндады.
Оның айтуынша, биыл өңірде 16 туристік жобаны іске асыру, 35 млрд теңгеден астам инвестиция тарту және 600 мыңнан астам турист қабылдау жоспарланып отыр.
Инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр
Өңірде инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Балқаш әуежайын кешенді қайта жаңғырту аяқталып, оның өткізу қабілеті арттырылды. Маусым айының басынан бастап тұрақты әуе рейстері іске қосылып, Қарағанды мен Балқаш арасында қосымша пойыз қатынай бастады.
Балқаш әуежайын кешенді реконструкциялау аяқталды. 1 маусымнан бастап Астана мен Алматы бағыттарына тұрақты әуе рейстері ашылды. Сондай-ақ Қарағанды – Балқаш бағытында қосымша пойыз құрамы жүре бастады, – деді облыс әкімі.
Тораңғалық туристік кентіне магистральдық су құбыры тартылуда. Сонымен қатар Балқаш қалалық жағажайының жағалауы абаттандырылып, танымал туристік орындарда байланыс сапасы жақсартылып жатыр. Қазір өңірде 145 базалық станса жұмыс істейді, маусым айының соңына дейін тағы бес антенналық-діңгекті құрылғы орнату жоспарланған.
Жол бойындағы сервис дамып келеді
Жол бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымы да кеңейтілуде. Ақпан айында Балқаш бағыты бойынша жаңа жанармай құю және газ құю стансалары ашылды. Қазір тағы төрт жанармай құю бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін электромобильдерге арналған төрт қуаттау стансасын орнату көзделген.
1 маусымнан бастап туристік бағыттарға жеткізілетін жанар-жағармай көлемі екі есе арттырылды, – деді өңір басшысы.
Туристердің қауіпсіздігі күшейтілді
Демалушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Курорттық кенттерде тәулік бойы жұмыс істейтін полиция және медициналық бекеттер ұйымдастырылған. Балқаш қаласында 490 бейнебақылау камерасы орнатылған, биыл олардың саны тағы 49-ға көбейтілді.
Көл аумағында 115 құтқарушы мен 47 сүңгуір кезекшілік атқарады. Құтқару стансалары, катерлер мен қайықтар жұмыс істеп тұр.
Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін туристік полиция қызмет етеді. Әрбір курорттық елді мекенде тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеті мен жедел жәрдем көлігі кезекшілік ететін медициналық пункт бар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қазіргі уақытта төрт коммуналдық жағажайды абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін жаппай демалыс орындарының барлығы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс.
Жазда ірі фестиваль өтеді
Жаз мезгілінде Балқаш жағалауында «Балқаш Турфест» фестивалі өтеді. Ол маусымның басты туристік іс-шараларының біріне айналмақ.
Ұйымдастырушылардың болжамынша, фестивальге шамамен 70 мың адам қатысады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Туризмнен бюджетке 630 млрд теңгеден астам салық түсті. Туризм саласының ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңгеге жетіп, салада жұмыспен қамтылғандар саны 600 мың адамнан асты.