Балқаш қашан туристерді таңғалдырады?

11 Сәуір 2024, 19:14
355
Бөлісу:
Балқаш қашан туристерді таңғалдырады?

Балқаш еліміздің ТОП-20 туристік бағыттарының қатарына енді. Елдегі басым туристік бағыттар тізіміндегі Балқаш туризмі саяхатшыларды қашан таңғалдырмақ? Қызмет көрсету сапасы қашан жақсарып, туристерге бағасына жайлылығы сай келетін демалыс ұсыныла ма? Жыл сайын жайлы жағалау мен жоғары қызмет көрсету сапасын іздеп, шетел асып, қаржысын өзге елге құятын қазақстандықтар Балқашқа қашан ат басын бұрады? Балқаш туризмінің болашағын бағалауға тырысқан едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Балқаш көлемі бойынша әлемде 14-орында болса, Қазақстанда екінші орындағы көл. Еліміздің орталығындағы Балқаш көліне жаз басталса, ағылатын саяхатшылардың саны жыл өткен сайын артпаса толастаған емес. Бұған басты себеп көгілдір көлдің орналасқан жері. Тоғыз жолдың торабындағы Балқаштың туристік әлеуеті оны тек дамытуға сұранып тұрғандай. Алайда, Балқашқа келген туристер Түркияға демалуға барғандай қаржы қалдырғанымен түріктер көрсететіндей сервисті тек түсінде көреді.

Балқаштың жұмсақ климатына, логистикалық жайлылығына қарамастан мұнда жұлдызды қонақүйлер, аттракциондар, экскурсиялар басқа да туристер қызықтайтын ойын-сауық шаралары жоқ.

Біздің қаламыз үшін туризм экономиканың дамуы негізгі драйвері болып саналады. 2023 жылы Балқаш қаласына әкімшілік-аймақтық аумағына Ақтоғай ауданының бір бөлігі 8 744 гектар жер қосылды. Қазір жыл бойы қызмет көрсететін 20 қонақүй бар. Олардағы бөлмелер саны 393. Сондай-ақ 54 демалыс аймағы жұмыс істейді. Ондағы бөлмелер саны 1412. 2024 жылы жалпы саны 219 бөлмелері бар, 50 адамды жұмыспен қамтитын 7 демалыс аймағын қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Оларға салынған инвестиция көлемі 1 миллиард 450 миллион теңге, - дейді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Көл жағалауында жөн-жосықсыз салынған демалыс орындары, жабайы сауда нүктелері мұндағы қызмет көрсету сапасының төмендігі мен жағажай мәдениетінің жабайы екендігін көрсетіп тұрады. Осыған қарамастан Балқаштағы демалыс бағасы шарықтап тұр. Шұбартүбек елді мекенінде орналасқан, Балқаштың ең қымбат деген демалыс орындарының қатарындағы "Досжан" демалыс аймағында 1 күнге екі адамға жатын орын мен таңғы асқа 65 мың теңге төлейсіз. Бұған түскі ас пен кешкі асқа кететін шығынды қосыңыз. Түркиядағыдай "барлығы қамтылған" қызметтер кешенін күтпеңіз. Осылайша Балқашта кемінде 5 күн демалу үшін 2 адамға шамамен 550-600 мың теңге көлемінде қаржы керек.

Қала әкімінің айтуынша, туристер заманауи демалыс кешендерінде демалыстарын жоспарлай алатын күндер алыс емес. Балқашта "Resort Capital" ЖШС-і "Balkhash resort" демалыс үйін салмақшы. Ең ірі жобаның бірі саналатын 4 қабатты қонақүй кешенінде 41 бөлме болса, 100 адамға жатын орын болмақ. Кешен Балқаш қаласының ескі алаңы аумағында, көл жағалауында салынып, 2025 жылы пайдаланылуға беріледі деп күтілуде. Инвестиция сомасы 400 млн теңгені құрайды.

Балқаштың ел таңданатын демалыс аймағына айналмай отыруының тағы бір себебі мұнда инженерлік инфрақұрылымдардың жоқтығы. Курорттық елді мекендер толықтай электрмен жабдықталмаған, су құбырлары тартылмаған, кәріз жүйесімен қамтамасыз етілмеген. Дегенменде, әкімнің сөзінше бұл мәселе де жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді.

Бертіс шығанағында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы аяқталды. Бұл жобаға 446 млн теңге қаржы жұмсалды. Енді осы аумақтағы демалыс аймақтарын салуға арналған жер учаскелерін ай соңына дейін аукционға шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін әкімдік бұл жерлерде түгендеу жұмыстарын жүргізіп, онда 120 гектар жердің бос екендігін, ол жерлерде туристік бизнесті дамытуға қолайлы екендігін анықтаған. Сондай-ақ жер учаскелерін түгендеу жұмыстары Тораңғылық және Шұбартүбек елдімекендерінде де жүргізіліп, 162 бос жер учаскесі анықталды, - дейді Сапар Сатаев.

Су құбырлары тартылмаған, электр энергиясының қуаты әлсіз, интернет желісі жоқтың қасы аймақта туризмді дамыту жайлы айтудың өзі ерсі. Балқашта туризмін дамыту үшін ең алдымен электр қуатын арттырып, кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіліп, елді мекендер абаттандырылып, жарықтандырылуы қажет.

Аталған проблемаларды шешу бағытында әкімдік біршама жоспар құрылғандығын айтады. Тораңғылық пен Шұбартүбек елді мекендеріне су құбырын салу үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда, жобаның жалпы құны шамамен 7 млрд 282 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ Барковское курорттық аймағында электр желісін жаңарту жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттарына дайындауға байқау жариялау жоспарлануда. Бұл жерде келесі жылы электрмен жабдықтау жүйесі жаңартылатын болады.

Тораңғылық елді мекеніне дейін су құбырын жүргізу бойынша жоба республикалық бюджетке жолданған. Екінші кезеңде аталған елді мекен ішіне су құбырын тарту және үшінші кезеңде Шұбартүбек елді мекеніне дейін ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы үш жоба іске асырылғанда біз ауызсумен қамтамасыз ету бойынша проблеманы толық шешетін боламыз. Сонымен қатар кәріз тазарту жүйесін салу бойынша ЖСҚ дайындалып жатыр. Елді мекендерге орталықтандырылған кәріз жүйесін салуды жоспарлап отырмыз. Осылайша біз Тораңғылық және Шұбартүбек елді мекендеріндегі инфрақұрылыс проблемасын толық жабамыз, - дейді Балқаш қаласының әкімі.

Балқаштың демалыс аймақтарындағы қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Жаз бастала жан-жақтан ағылатын туристердің демалысын барынша қауіпсіз ету маңызды екендігі белгілі.

Өткен жылы демалыс аймақтарында полиция бекеттеріне арналып модульді нысандар салынды. Жобаға 10 миллион теңге қаржы жұмсалды. Сондай-ақ биыл курортты елді мекендерге бейнекамералар орнатылатын болады, - дейді қала әкімі Сапар Сатаев.

Оның айтуынша, туристік бизнесті дамыту бағытында атқарылған шаралар курорттық аймаққа келетін туристер ағынын көбейтпек. Мысалы, 2019 жылы Балқашқа ат басын тірейтін саяхатшылар саны 42 мың болса, биыл туристердің санын 170 мыңға жеткізу көзделген. Сондай-ақ туристерге көрсетілетін қызмет көлемі 6 есеге артпақ. 2019 жылы қызмет көрсету көлемі 394 млн теңге болса, 2025 жылы 1 млрд 800 млнға жетпек.

Қалай десек те, Балқаш туризмінің тынысы ашылатын күнді тағатсыздана күтеміз. Туристер болса қызмет көрсету саласындағы кемшін тұстар ескеріліп, жайлылық жолға қойылғанын қалайды.

Өзгелердің жаңалығы