1 маусым күні қайта жаңғыртудан өткен Балқаш әуежайы алғашқы рейстерін қабылдап, жолаушылар үшін есігін қайта ашты.
Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, әуежайға Астана мен Алматы қалаларынан алғашқы ұшақтар қонды. Енді Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы Астанадан күн сайын рейс орындаса, SCAT әуе компаниясының ұшақтары Алматыдан аптасына алты рет қатынайды.
Екі бағыт бойынша билет құны 16 мың теңгені құрайды. Бұл рейстерге мемлекет тарапынан субсидия бөлінген.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Максат Мұқашевтің айтуынша, әуежайды жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылған.
Жобаны қаржыландырудың 90 пайызы республикалық бюджеттен бөлінді. Қаражаттың бір бөлігі мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бағытталды, – деді ол.
Жаңғырту барысында рулеж жолы мен перрон қайта жөнделіп, арнайы техника қызметінің ғимараты салынды. Сондай-ақ әуежайға он бірлік аэродромдық техника сатып алынды.
Модернизация аэровокзал ғимаратын да қамтыды. Жоба барысында әуежайдың тарихи келбетін сақтай отырып, ішкі инфрақұрылымы толық жаңартылған.
Әуежайда жаңа ұшып келу және ұшып кету залдары ашылып, заманауи тексеру жүйесі, багаж тасымалдау конвейері және электронды ақпараттық таблолар орнатылды. Сонымен қатар жолаушылар үшін ана мен бала бөлмесі, медициналық кабинет және кафетерий жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да барлық қажетті жағдай жасалған.
Қазіргі уақытта жаңартылған Балқаш әуежайы сағатына 80 жолаушыға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы.