Баласын орыс мектебіне беретіндердің психологиясы немесе жасампаз бала тәрбиелеу құпиясы

28 Қазан 2022, 15:02
12156
Бөлісу:
Баласын орыс мектебіне беретіндердің психологиясы немесе жасампаз бала тәрбиелеу құпиясы
Фото: автордан

Баламен қарым-қатынас құру құпиясы. Қайтсек, баламыз зиянды әдеттерден аулақ өседі? Жастардың болашағы үшін ең маңызды қадам қандай? Баласын орыс мектебіне беретін ата-ананың ойы неде? Осы және өзгеде мәселеге қатысты психолог, психотерапевт Серікгүл Сәлимен сұхбаттастық, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

- Серікгүл ханым, елімізде мектеп оқушылары электронды шылымға тәуелді болып барады. Бала есейе келе осындай зиянды заттар ермегіне айналады. Жалпы, тәуелділік қалай пайда болады? Оның алдын алу үшін ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

- Балалар тек бір себептен болып, электронды шылым шегіп кетпейтіні түсінікті. Өзім психотерапевт ретінде байқайтыным, жалпы баланың бір нәрсеге тәуелді болуы 13-14 жасынан басталады. Яғни, темекі шегу, құмар ойындарын ойнау және есірткіге тәуелді болудың көбі осы жаста көрініс табады. Мұның бірінші себебі, баланың анасымен эмоциалды байланыста болуы балаға ауадай қажет. Аналарымыз балаларымен эмоционалды байланысты құра білсе , ол баланың дұрыс өсіп жетілуіне кепілдік деуге болады. Бала мектептен келген соң өзінің анасына ненің ұнап, ненің ұнамағанын ашық айта білуі керек. Екеуінің арасында сезімдік байланысы мықты болуы маңызды. Ал мұндай сезімдік деңгейде байланысы болмаса, баланың әрбір мінезіне бейжай қарап жүре беретін ата-анасы болса, бала өсе келе кез келген нәрсеге тәуелді бола түседі.

Екіншіден, балаңыздың араласатын ортасы өте маңызды. Бұл ең көп кездесетін себептің бірі. Мәселен, біздің көптеген жас отбасыларымыз қалада пәтерден пәтерге көшіп жүреді. Осындай жүріс-тұрыстың болуы заңды, әрине. Бірақ баланың араласатын ортасына бейжай қарамаған жөн. Бүлінген орталардың тұрақталған жерлері болады. Қарапайым мысал, америкалық «13-й район» деген фильм бар. Сіз сондай 13 ауданда тұратын болсаңыз, ол жерден тәуелсіз бала өсіріп шығарамын деп айта алмайсыз. Өйткені бала өз ортасына еліктейді. Сондықтан тұратын ауданыңыз, балаңыздың баратын мектебі сынды таңдауларға мұқтият болу қажет. Бала – жақсы мен жаманды ажырата алмайды. Сол себепті балаңызды басынан-ақ жақсы ортаға әкелуіңіз керек. Ата-аналар өзінің тұрқылықты жерін жете білгені абзал. Әбден зерттеп, қорытынды шығарғаны жөн. Өйткені ол жерде балаңыз толықтай қалыптасады.

- Бұл сұрақтың сізге қатысы болмауы мүмкін. Бірақ отбасы қазақтілді бола тұра, баласын орыс мектебіне беретін ата-аналар туралы ойыңыз қандай? Психолгиялық себебі бар ма?

- Біз қазақтілді отбасымыз. Ата-ана аяқталмай қалған гельштат, яғни біздің түйсігіміз жасайтын жалпы образды баласы арқылы аяқтауға тырысады. Ол –орындалмай қалған арман, өзі қол жеткізе алмаған нәрселер болуы мүмкін. Кеңес кезеңінде орыс тілінің пайдасы көп болды. Кейбір азаматтарымыз ол тіл арқылы белгілі бір мақсаттарына жетпей қалып, оны толық білмейтін. Осы мәселені ата-аналары қолға алып жатады. Міне, осыны психологиялық себеп деп айтуға болады. Бірақ тек қазақ тілінде білім ала берсеңіз оны тереңдете алмайсыз. Өйткені ана тілімізде құрылып жатқан ғылым мен білім аз. Жалпы, қай тіл ғылым мен технологияға негізделген, сол тілде білім алу – әлемдік үрдіс. Сол себепті көпшілік отбасы балаларының білімін тереңдету үшін тағы бір тілді еркін меңгергенін қалайды. Бұл баланың болашағына деген қадамның бірі. Біз шетел ғылымын меңгеріп, оны өз елімізге сіңіретін ұрпақ тәрбиелеуміз керек. Менің ойымша, осылайша олар ана тіліміздегі ғылымды дамыта алады.
 

- Қазіргі дүйім жұртқа танымал болған әлеуметтік желі – ТикТок. 18 жасқа толмаған балаларымыз нешетүрлі адамдар мен психологиялық ауытқулары бар жандардың бейнелерін көреді. Және ел жастары қандай да бір оқиға болса болды, хайп ұстағысы келеді. Мұндай тенденция жастарға қалай әсер етеді?

- Пандемия кезінде пайда болған әлеуметтік желінің зияны бар. Арасында өте өрескел бейнежазбалар тарайтынын көріп жүрміз. Біз жастарымызды одан қалай қорғай аламыз? Одан тек баланың бойындағы «сезімді» тәрбиелеу арқылы ғана алдын аламыз. «Сезімді» тәрбиелеу деген бала кезде бір ғана тәсілмен іске асатын, өкінішке қарай, осы тәрбие түрі қазіргі уақытта құнсызданып отыр. Егер бұл әдіс толықтай қолға алынған жағдайда, баланың «хайп» ұстап кетуіне, басқа да жаман қылықтарына ем болар еді. Қандай телеарнаға, жазбаша сұхбаттар берсем де, кімдермен сөйлессем де осы бір кеңесімді айтсам, «иә ол солай, бірақ одан басқа жолын айтыңызшы» деп аяқсыз қалдырады. Баланы тәрбиелеудің ең ұтымды тәсілі – оны кітап оқытуға қызықтыру, құмарлығын ояту. Әртүрлі жанрдағы кітаптарды оқып өскен бала эмоционалды сезімге өте бай болады. Олай тәрбиеленген тұлға небір нәрселерге еріп кете бермейді, оның өзінің жеке әлемі болады. Өзінің өмірге деген басқаша көзқарасы мен сезімі болады. Ол осы атмосферасын қорғап, оны небір ойлармен ластамауға тырысады. Көбіне бұл сана-сезім классикалық шығармаларды оқыған кезде қалыптасатын дүние. Кітап оқу – бізді адам қылып қалыптастырады. Бұл тәсілмен баласын тәрбиелеген ата-ана өз баласының ешқашан 2-3 орынға түсіп кетпейтініне сенімді болады.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы