Баласы кәмелеттік жасқа толса, тұрғын үй беріледі. Мәжіліс жаңа заң жобасын қабылдады

26 Мамыр 2021, 11:53
11868
Бөлісу:
Баласы кәмелеттік жасқа толса, тұрғын үй беріледі. Мәжіліс жаңа заң жобасын қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығы сақталады. 

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар әлеуметтік қорғау заңнамасына енгізілген өзгерістерді бірінші оқылымда қабылдады.

Заң жобасы бойынша азаматтардың кейбір санаттары үшін жаңа жәрдемақы енгізіледі.

Құжатта мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді. Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді, - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар, заң жобасы аясында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу қарастырылған. 

Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, соның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақы мөлшерін саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7 пайыздан 37 пайызға дейін ұлғайтылады. Аталған шара 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балаға қатысты болады, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы