Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Баланың бұзық болуына немесе тұйықталуына не себеп?

15 Мамыр 2025, 20:28
455
Бөлісу:
 BAQ.KZ  архив
Фото: BAQ.KZ архив

Балалар психологі Әсел Асылбекова баланың аяқ астынан бұзық болып кетуінің немесе ашық-жарқын болған баланың тұйықталып қалуының себебін ата-ана жылулығымен байланыстырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“Балаға махаббат жетіспейді”

Кейбір отбасында балаға дұрыс назар бөлінбейді. Мысалы, бала мектепке барып, келеді. Ата-анасы одан “Сабақ қарадың ба?” деп жай сұрауы мүмкін. Бірақ қызығушылық білдірмейді. Ондай балаларға ата-анасының сүйіспеншілігі, махаббаты жетіспейді. Сондықтан олар өздерін керексіз санайды. Ортаға шыққанда да сондай жылулықты іздей бастайды. Бірақ ата-ананың жылулығын сырттан таба алмайды. Сондықтан өзін кем санап, тұйықталып қалуы мүмкін, - дейді маман.

Бірақ психолог тұйықталуды әрбір бала таңдамайтынын, кейбірі, керісінше бұзық бола бастайтынын айтты.

Кейбір балалар дәл сондай жағдайда “Егер бұзықтық жасасам, ата-ана маған көңіл бөледі” деп ойлайды. Яғни бұзықтық арқылы ата-анасының көңілін өзіне аудартып, жағдайды түзеуге, қажеттілігін өтеуге тырысады, - деді ол.

Әсел Асылбекова бұзықтықтың себебі әкеге еліктеу болуы да мүмкін екенін жеткізді.

Отбасында жанжал болған кезде агрессор әкесі болса, бала оны мықты деп көруі мүмкін. Себебі анасы әкесінің айтқанын орындайды. Сол арқылы бала бейсаналы түрде “егер мен сондай іс-әрекет жасасам кез келген адамның назарын аударта аламын” деп қабылдауы мүмкін, - деді психолог.

“Уақыт арнаңыз”

Психолог Әсел Асылбекова бала бұзақылық танытқанда немесе керісінше, тым тұйық болса, бұл оның ішкі әлемінің, эмоциялық жағдайының белгісі болуы мүмкін екенін атады.

Мұндай мінез-құлықтың астарында жиі қандай да бір себеп немесе қажеттілік жатады. Сондықтан баламен жұмыс істегенде жазалау не “тәрбиелеу” емес, алдымен түсіну, қолдау және дұрыс бағыт беру маңызды, - деді ол.

Біз маманнан ата-ана мұндай жағдайларда баламен қарым-қатынасын жақсарту үшін не істеуге болатынын сұрадық.

Ең алдымен бала бұзықтығының не тұйықтығының себебін түсінуге тырысыңыз. Бұзақылық назар аударту, эмоцияны шығару тәсілі болуы мүмкін. Тұйықтық – сенімсіздік, қорқыныш, ішкі күйзелістің көрінісі болуы мүмкін. Сұрақ қою арқылы емес, баланың әрекеті мен сөздерін байқап, бақылау маңызды, - деді психолог.

Әсел Асылбекова сенімді қарым-қатынас орнату үшін кінәлау мен салыстыруды доғарып, баланы тыңдап көруге кеңес берді.

Күнделікті балаға сапалы уақыт арнап көріңіз. Арнайы 10-15 минут телефонсыз тек балаға уақыт бөліңіз. Бұл баланың ата-анаға сенім артуына және өзін қауіпсіз сезінуіне көмектеседі, - дейді маман.

Өзгелердің жаңалығы