Баланы мектептен емес, бесіктен тәрбиелеу керек – Құралай Жұмабекова

1 Ақпан 2022, 12:40
2880
Бөлісу:
Баланы мектептен емес, бесіктен тәрбиелеу керек – Құралай Жұмабекова

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы «Ана үйі» ресурстық орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіп келеді.

Орталық үйлестірушісі Құралай Жұмабекова әйелдер құқын қорғау бағытындағы әлеуметтік жобалар туралы айтып берді. 

–Әйелдердің әлеуметтік жағдайын шешуде қандай мәселелер бар?

–Жас аналар тұрмыстық жағдайларын жақсартып алғанша алты айға дейін осы орталықта болады. Олардың мұнда келуіне сан түрлі себеп бар. Әрине, ерте жүктілік мәселесінде қыз балаға ғана кінә артқан дұрыс емес. Нәрестесін құшақтап өз проблемасымен жалғыз қалатын жас аналар қолдауға зәру. Жақында бір отбасы орталыққа келіп немерелерімен қауышты. Осы жылдар ішінде орталықта тұрып, мамандық алып жұмысқа орналасқан аналар көптеп саналады. Бізге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен әйелдер де көмек сұрап келеді. Оларға қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Орталықта тұру тегін. Азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта төрт жас ана тұрып жатыр. Барлығы жұмыс істейді. Настя есімді жас ана нәрестесімен тұрып жатыр. Біз оның жоғалған құжаттарын қалпына келтіруге көмектестік. Енді атаулы әлеуметтік көмек алады. Әлеуметтік жағдайы өте төмен Катя есімді әйел ұлын уақытша балалар үйіне беруге мәжбүр болған. Осында келген соң ұлын қолына алды. Өз басым мұндай қадамға түбегейлі қарсымын. Бала тағдырымен ойнауға болмайды.  Әр адам өз баласы үшін жауапты. Сол себепті бұл мәселені мемлекетке ысыра салуға болмайды. Орталықта тұрған жарты жыл ішінде қаражат жинап, тұрмыстарын түзеуге мүмкіндік бар. Ең қиыны әрине, баспана. Қалада пәтер жалдап тұру өте қымбат. Жас аналардың көбінің мамандығы жоқ. Еден жуушы, санитар жалақысымен пәтер жалдап күнкөру мүмкін емес. Осы мәселе бойынша жергілікті әкімдікке әлеуметтік жағдайы төмен жандарға арнап жатақхана салу жөнінде ұсыныс білдірдік.

–Демеушілер тарапынан нақты көмек көрсетіле ме?

–Орталықтың шығынын жергілікті меценаттар көтереді. Азық-түлік, киім-кешек әкелетін адамдар баршылық. Оның барлығы жағдайы төмен жандарға үлестіріледі. Қажетті дүниелерді облыс орталығымен қатар аудандарға да жеткіземіз. Екі жыл бұрын осында тұрған жас аналармен әлі де байланысымыз үзілген жоқ. Оларға қолымнан келгенше қосымша жұмыс тауып беруге тырысамын. Ақша табу үшін адал жұмыстан арланудың қажеті жоқ. Әрине, келеңсіз жайттар да орын алып жатады. Орталыққа балаларын тастап, ұшты-күйлі жоғалып кеткен әйелдер де кездесті. Біздің басты міндетіміз – балаға барынша қолайлы жағдай жасау. Жас аналардың жігерленіп, балаларына күтім жасап, қоғамға сіңісіп, барынша ашық болғандарын қалар едік. Осы ретте, түрлі шеберлік-сағаттарын өткізуге тырысамыз.

Ойнап жүріп от басқан қыздар тағдыры қоғамда үйреншікті құбылысқа айналып бара жатқан жоқ па?

–Ерте жүктілік, жасанды түсік... Құлаққа түрпідей тиетін бұл сөздер шынымен үйреншікті жағдайға айналды. Ең қиыны от басқан қаракөздер, үйінен қолдау таппағасын амалдың жоқтығынан «Аналар үйіне» баруға мәжбүр.  Бірде мынадай жағдай болды. Перзентханадан осындағы колледжде оқитын қыз баланың босанғаны жайлы хабар жетті. Қыз ата-анасы баланы алуға қарсы екенін айтып егілді. Дереу ата-анасымен хабарласып, жағдайды түсіндірдік. Бір қуанарлығы, қыздың ата-анасы нәрестені перзентханада қалдырмады. Үш айдан соң баланың әкесін таптық. Бірақ оның отбасы бар болып шықты. Сонда қыз баланың алданғанын бір-ақ білдік. Өкінішке орай сезімге беріліп алданып қалатын қыздар аз емес. Жоспарсыз жүктіліктің соңы түрлі қайғылы жағдайлармен аяқталып жатады. Бізге көмек сұрап келетін жас аналар өте көп. Бойжеткендердің көбі жүктіліктің соңғы айларында ғана мамандарға жүгінеді. Ең өкініштісі, олар еш жерде тіркеуде жоқ. Дәрігерге қаралмаған. Баланы мектептен емес, бесіктен тәрбиелеу керек. Әлеуметтік желінің де жасөспірімдерге теріс әсері көп. Ер балаларды да жауапкершілікке тәрбиелеу өте маңызды. Ата-аналар балаларымен ашық сөйлесе білуі тиіс. Бізде жыныстық сауаттылық кемшін. Қоғамда бұл тақырып жабық.

–Басқа мекеме-ұйымдармен байланыс бар ма?

–Денсаулық сақтау, жұмыспен қамту мекемелерімен тығыз байланыс орнатылған. Негізі жас аналарды мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Олар осы жарты жылдың ішінде белгіленген жұмыс тәртібіне, жауапкершілікке, ең бастысы, өз-өзіне сенімді болуға үйренеді. Ол мекеме басшылығынан да жас аналарға талап қоюды талап етеміз. Алдағы уақытта да бала асырап алуға көмек көрсететін орталықтар, қамқоршылық органдарымен бірге жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.

–Елімізде жұмыссыздарды кәсіпкерлікке ынталандыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қаншалықты қолжетімді деп ойлайсыз?

–Өткен жылы Айнұр есімді қызымыз жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Фотостудия ашу мақсатында мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасына жүгінді. Бастапқыда жеке ісін қалада бастап, кейін елордаға қоныс аударды. Қазіргі күні табысты жұмыс істеуде. Аталған бағдарлама арқылы бизнеске бет бұрған басқа да нәзік жандылар бар. Жеке ісіңдібастау үшін де күш-жігер талап етіледі. Дей тұрсақ та, жастық шақта уақытты босқа өткізбей, кәсіп игеруге тырысу керек. Орталықтағы жас аналарды осылайша жігерлендіруге тырысамын.

–Жетімдер үйлерін жабуға қатысты бастамаңыз қаншалықты маңызға ие?

–Өз басым балалар үйлеріне қарсымын. Мұны өз тәжірибемнен жақсы білемін. Балалар үйіндегі жетімдердің көзіне қараудан жасқанасың, босқа үміттендіргің келмейді. Ол жақта стереотип бұзылады, отбасылық құндылық туралы айтудың да қажеті шамалы. Қанша жерден жағдай жасалып, миллиардтаған ақша құйылса да жетімдер үйінде ешкім ата-ананың мейірімін бере алмайды. Үстел басында отбасыңмен бірге жадырап отырып, әке-шешеңнің жан жылуын сезініп өсе алмаудан асқан қасірет жоқ. Ол жақта жетімдер бір-бірімен бәсеке, әрқайсысы бүгін мені алып кетер ме екен деп үміттенумен өмір сүреді. Жетімдер үйінен шығып, біздің орталыққа оралған қаншама қыз баланы білемін. Нәрестесін тастағысы келмесе де, асырауға жағдайы жоқ. Жетімдер үйінен шыққан балалардың өмірге бейімделуі де қиын. Перзентханада өз баласына мейірімін төге алмаған қыз балаларды жазғыра алмайсың. Өзі сезініп өспеген жылулықты ол қайдан бере алсын. Тасбауыр жүрек өкпе-ренішке толы, қоғамға ызалы. Мәселенің тамыры тым тереңде жатыр. Өзім асырап алған Таня есімді қызым қазір тұрмыста. Балаларына деген мейірімін көрсеңіз, жүрегіңіз елжірейді. Өйткені ол отбасымызда ата-ананың жылулығын көріп өсті ғой.

Әлеуметтік жағдайы төмен аналардың балаларын жетімдер үйінде үш жыл ұстауға қарсымын. Өйткені бала көп жағдайда сонда қала береді. Баласын бауырына басатын аналар сирек. Ресурстық орталық ретінде біздің қор осындай аналармен хабарласып, жұмыс  тауып беруге тырысады. Негізі ананы баласынан айыру дұрыс емес. Үш жасқа дейін баланың иммунитеті, психологиялық денсаулығы қалыптасады. Ата-анасына бауыр басады. Кейін мектепке барғанда психологиясында ауытқушылықтар болуы мүмкін.

–Өңірде бала асырап алуға ниетті отбасылар көп пе?

–Жетім балаларды асырап алуға ниет білдірген жандар көп. Балалар үйінде әр баланың тамағына 45 мың теңге бөлінеді. Ал бала асырап алған отбасыға 25 мың теңге ғана беріледі. Тәрбиешінің жалақысы 180-200 мың теңге. Ал патронаттық тәрбиешіге 42500 теңге ғана төленеді. Бөтен баланы бауырыңа басып, тәрбиелеу көп күш-жігерді қажет етеді. Мұндай қаражат баланы өсіруге жеткіліксіз екені белгілі. Бала асырап алған отбасыларға тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді. Әр бала бақытты болуға лайық. Бұл жай ұран емес, бала отбасында тәрбиеленуі тиіс. Бірақ бізде балалар үйлерімен ашық байланыс жоқ. Ондағы балалардың өмірін тек әлеуметтік желілерден ғана тамашаламай, жанды байланыс орнатылуы тиіс. Жетімдер үйлерін жауып, шетелдегідей бала асырап алуға ниетті отбасылар санын арттырған жөн. Осы ретте біздің қор балалар үйлерінің есігі әр адамға ашық болуы үшін жұмыс жүргізуде. Баланың бәрі бірдей, оларды бөліп-жарудың қажеті жоқ. Өзім үш отбасының балаларын асырап алдым. Мысалы, Ақкөлдегі балалар үйінде бір отбасындағы үш-төрт баладан тұрып жатыр. Олардың бәрі бақытты болғысы келеді.

–Дегенмен мұндай қадамға баруда  қорқыныштың да болатыны шын ғой...

–Алдымен ниет керек. Біз бала асырап алғысы келген отбасылармен жұмыс істейміз. Олар арнайы үш айлық курстан өтеді. Әр адам жетімдер үйіндегі балаларға бақыт сыйлай алады. Бірақ бала асырап алуда кедергілер де бар. Заңнаманың шикі тұстары көп. Жақында перзентханада анасы қайтыс болған бір жарым айлық нәрестені асырап алушылар арнайы курстан өткенше бала үш ай жетімдер үйінде болады деп шешім шығарылды. Осы орайда комиссия құжат дайын болғанша баланы уақытша асырап алуға рұқсат берсін деп ұсыныс білдірдік. Қағазбастылықтың да кедергі келтірер тұстары көп. Күтпеген жағдайлар да орын алуы мүмкін. Әрине, бала таңдауы да маңызды. Мынадай бір оқиға болды. Жетімдер үйінен екі бала патронттық тәрбиеге берілді. Уақыт өте келе олар өздерінің туған ата-анасын іздей бастаған. Кейін балалардың анасы мен әжесі табылды. Ауылда тұратын олар бірден балаларды өз қолдарына алды.

–Өзіңіз қашанда қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүресіз. Үй мен қызметті қатар алып жүру қиындық туғызбай ма?

–Бар жұмысты жалғыз өзім атқарамын деп айта алмаймын. Жанымды көмекшілерім бар. Бәріміз бірігіп жұмыс атқарамыз. Ең бастысы уақытыңды, энергияңды дұрыс бағытқа жұмсап үйрену керек. Жұбайым өмірден өткенде балаларымды қалай жеткіземін деп уайымға берілгенім рас. Бірақ балаларым үшін күш-жігерімді жинадым. Әрине, мен үшін айналамдағылардың қолдауы да маңызды. Ол маған керемет күш береді. Өзімді жетілдіруге тырысамын. Түрлі тренингтерге қатысамын. Алдымен мына әлемді, айналаңды, балаларды шынайы сүюің керек. Орталықтағы жас аналарға да осында балалары үшін жүргендерін жиі айтамын.

Өзгелердің жаңалығы