Балаларға Ұлттық қордан берілетін қаражатты қайда жұмсауға болады?

26 Қазан 2023, 12:46
712
Бөлісу:
Балаларға Ұлттық қордан берілетін қаражатты қайда жұмсауға болады?
Фото: Артём Чурсинов - архив

Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы 2022 жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» атты жобаны іске асыруды ұсынған болатын. Вице-министрдің айтуынша, 2023 жылғы 1 қазандағы ресми деректер бойынша елдегі 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны шамамен 7 миллион адамды құрайды.

Парламент қабылдаған заңға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балаларға тең бөлу көзделген. Ұлттық қор қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдалану ұсынылады, - деді ол.

Дәурен Темірбеков білім алу бағыты бойынша қаражатты жоғары оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік берілетінін айтты. Шетелдік оқу ақысын төлеуге де қаражатты пайдалану шектелмейді.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражат тек Қазақстан аумағында ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Сондай-ақ бұл қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуға мүмкіндік беріледі, - деді ол.

Айта кетейік, ҚР азаматтары 18 жасқа толғанға дейін қатысушы болып есептеледі. Кәмілетке толғаннан кейін алушылар санатынан өшеді. Сонымен қатар, алушылар ретінде заңды өкілдер мен мұрагерлер де бола алады. 

18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Уәкілетті операторларға өтініш беріп, шотты ашқаннан кейін жинақталған қаражат көрсетілген шотқа аударылады.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражатты 10 жыл сақтау құқығы беріледі.

Өзгелердің жаңалығы