Балаларға тағар кінә жоқ, жауапкершілікті ата-ана алуы керек – Асанов

11 Тамыз 2023, 16:00
1251
Бөлісу:
Балаларға тағар кінә жоқ, жауапкершілікті ата-ана алуы керек – Асанов
Фото: Арман Мухатов

Бұл туралы «Өзіңді тап – өзегіңе орал» атты дәстүрлі жалпыұлттық ата-аналар форумында «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол биылғы форумның форматы ерекше екенін айтты.

Биыл ата-аналарымыздың санасының оянғанын көріп отырмыз. Оның дәлелі республикамыздың түкпір-түкпірінен ойын ортаға салуға 719 ата-ана келіп отыр, - деді Асанов.

«Сенімен Болашақ» бір жылдың ішінде 126 мың ата-анаға тренинг-семинар өткізді. Артасына 50-70 тренинг ұйымдастырылды.

Ауыл-ауылды аралады. Мақсат не? Осы сұрақ әлі күнге дейін біздің қазақтың өкілінен шыққан жоқ. Абай атамыз «көңілдің кірін жақсылық жасаумен жуасың» дейді. Бүгінгі форумымыз бостан-бос өткізіліп отырған жоқ. Пенде болғаннан кейін жаңылысамыз, шалынамыз, құлаймыз, сүрінеміз. Бірақ ата-аналар, құмырсқаның илеуін құмырсқа өзі жасайды. Бал арасына құмырсқаның илеуі қызық емес. Ата-аналар, біз өз илеуімізді өзіміз жасауымыз керек. Өз отбасы – ошақ қасымызды өзіміз таңдауымыз керек, - деп айтты форумның ұйымдастырушысы.

Ол форум дұрыс емес жолдың алдын алатын платформа екенін айтты.

Қоғамда проблема көп. Буллинг, кибербуллинг... Оның бәрін жасап жатқан мына біз – ата-аналар. Балаларға тағар кінә жоқ. Сол себепті жауапкершілікті алдымен ата-ана ала білуі керек. Жауапкершілік – біздің қолымызда. Тізгінді өзіміз алмасақ, оны басқасы келіп істеп бермейтіні хақ, - деді Нұркен Асанов форумда.

Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ден аса белсенді ата-ана қатысып жатыр.

Іс-шараны «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Қазақстанның Азаматтық Альянсымен бірлесіп ұйымдастырды.

Форумның мақсаты – қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі белсенділігін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі сынды өзекті тақырыптарды талқылау, шешімін ұсыну.

Ата-аналар форумы биыл осымен үшінші рет өткізіліп жатқанын еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы