Балаларға қарсы қандай қылмыстар жасалды?

3 Шілде 2023, 18:26
1655
Бөлісу:
Балаларға қарсы қандай қылмыстар жасалды?
Фото: Арман Мухатов - архив

Биыл қаңтар–мамыр айларында кәмелетке толмағандарға қатысты 1 080 құқық бұзушылық тіркелді, бұл бір жыл бұрынғыдан 7,6% көп. Оның 1 008-і қылмыс, 72-сі теріс қылық, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ranking.kz-тің хабарлауынша, қылмыстардың ішінде басым бөлігі орташа ауырлықтағы қылмыстар болды: 364 іс. 252 ауыр қылмыс, 198 аса ауыр, 194 жеңіл қылмыс тіркелді.

Былтырғы бес айда кәмелетке толмағандарға қатысты 1 004 құқық бұзушылық жасалған болатын, бұл бір жыл бұрынғыдан 4,6% аз.

Өңірлер бойынша балаларға қатысты ең көп құқық бұзушылық Түркістан облысында тіркелді: бір жыл бұрын 101 іс болса, биыл 100 іс.

Құқық бұзушылықтардың айтарлықтай саны Алматы қаласында (89 іс, бір жылда 15,6% көбейген) және Алматы облысында (86 іс, 23,2% азайған) тіркелді.

Ең аз құқық бұзушылық Ұлытау (15 іс), Солтүстік Қазақстан (26 іс) және Павлодар (33 іс) облыстарында тіркелді.

Балаларға қатысты құқық бұзушылықтар санының ең көп өсімі Маңғыстау облысында (бір жылда 67,6% өсіп, 57 іске жетті) тіркелді, ал ең көп төмендеу Павлодар облысында (29,8%) тіркелді.

Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған құқық бұзушылықтардың ең көп саны тұлғаға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар: биыл қаңтар-мамыр айларында 556 іс, былтыр 559 болған.

Сондай-ақ меншікке қарсы қылмыстар (205 құқық бұзушылық, бір жылда 9,6% көбейген) және көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтар (165 құқық бұзушылық, 17,9% көбейген) көп.

Баптар бойынша балалар зардап шеккен ең жиі тіркелген құқық бұзушылықтар он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер (158 іс) және жол қозғалысы ережелерін бұзу (158 іс) болды. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге қатысты зорлау, ұрлық, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері көп жасалды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатысты бұзақылық және азғындық әрекеттері тіркелді.

Өзгелердің жаңалығы