Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңір басшыларына балаларға стоматологиялық көмектің нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Әсіресе мектепке дейінгі жастағы балаларға көмек көрсету және стоматологиялық емге талон алу кезіндегі кезектерді азайтуға назар аударылды.
Министрдің айтуынша, басты назар есеп пен қағаз жүзіндегі көрсеткіштерге емес, әр балаға қажетті медициналық көмектің уақтылы көрсетілуіне аударылуы тиіс.
«Егер ата-ана баласына стоматологиялық көмек алу үшін таңғы сағат беске келіп, кезекте тұруға мәжбүр болса, демек, жүйе жеткілікті деңгейде жұмыс істеп тұрған жоқ. Біз мұны түзетуіміз керек», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр елімізде балаларға стоматологиялық көмек көрсетуге қажетті инфрақұрылым қалыптасқанын атап өтті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бұл қызметтер мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Сондықтан қолда бар ресурстарды тиімді ұйымдастыру мен үйлестіруге басымдық берілуі керек.
«Бала ата-анасы талон ала алмағаны немесе бірнеше сағат кезекте тұрғаны үшін ғана қажетті көмексіз қалмауы тиіс», – деді министр.
Осыған байланысты өңірлердегі әкім орынбасарлары мен бейінді басқармаларға денсаулық сақтау және білім беру органдарының, медициналық ұйымдар мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өзара іс-қимылын күшейту тапсырылды.
Министр азаматтар шағымданғанша күтпей, балаларға стоматологиялық көмек алуға кедергі келтіретін мәселелерді жергілікті жерде дер кезінде анықтап, шешу қажеттігін айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша өңірлерге балаларға стоматологиялық көмектің қолжетімділігін ерекше бақылауға алу тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің барлық өңірінде медициналық қызметтердің нақты қолжетімділігіне мониторинг жүргізуді жалғастырады.